Жарияланды: 570

Қазақ-Өзбек шекарасын демаркациялау шарасы қыркүйекте басталады

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығына шекаралық бағандар орнату шарасы 2003-жылдың қыркүйегінде басталады. Бұл туралы келісімге тамыздың 6-10 күндері Ташкентте өткен Қазақ-Өзбек шекарасын демаркациялау мәселесі бойынша үкіметаралық комиссияның мәжілісінде қол қойылды,-деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Шекаралық бағандар Майдантау жотасынан бастап орнатыла бастайды. Демаркациялауды талап ететін оңтүстік шекараның жалпы ұзындығы 2350 шақырымды құрайды. Демаркациялық жұмыстар 2004-жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Комиссия демаркациялық аймақтағы құрылыс жұмыстарын доғару туралы нұсқау тарату жөнінде шешім қабылдады. Кейбір жерлерде мемлекетаралық келісім бойынша бекітілген шекара сызығы тікелей елді мекендер арқылы өтетіндіктен ондағы демаркациялау жұмыстары қиындық тудырмақ. Сондықтан комиссия жұмысына жергілікті жерлерде қолайлы жағдай жасау үшін олармен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірге жүреді. Орнату төлемін қоса есептегенде шекаралық бағанның құны 4-9 мың теңгені құрайды. Бұл шығынды екі жақ бірлесіп көтеруге тиіс. Екі метрлік тереңдікке дейін жерге көмілетін бағандар ағаш пен бетоннан жасалып, аяқ жағы алтын түстес бояумен боялады. Бағанның бетондалған табанында бағанның номері, нақты орнатылған мерзімі тәрізді мәліметтер жазылған капсула сақталады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть