Алматы облысы Қарасай шекара отрядының шекарашылары қызмет барысында Қазақстан Республикасының аумағында жүрген үш салт аттыны байқайды. Ұстау кезінде белгісіз тұлғалар шекарашылардың тоқтау туралы талабына құлақ аспастан, қарсылық көрсетіп, аңшылық мылтығынан шекара нарядына 5 рет оқ атып, өздері қашып құтылуға тырысты. Шекара нарядының амалсыздан қару қолдануына тура келді, олар 1 рет аспанға, содан кейін шекара бұзушыларға қаратып 2 рет оқ атты.
Атыс кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Қырғыз Республикасының екі азаматы ұсталып, біреуі көршілес мемлекеттің аумағына қарай қашып құтылды. Ұсталған азаматтар қырғыз елінің малшылары болып шықты. Олар дәрілік шөптерді жинауға келіпті. Тексере келгенде, олардан оптикалық көздегіші бар ұсақ ұңғылы мылтық, дүрбі табылды.
Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары хабарландырылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.