Жарияланды: 160

"Қазақшасында 422 қате кеткен". Сенат бейбіт жиындарға қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

"Қазақшасында 422 қате кеткен". Сенат бейбіт жиындарға қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

 

Бүгін Сенаттың күн тәртібіндегі алғашқы екі заң жобасы "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне" арналды, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Tengrinews.kz-ға сілтеме жасап. .

Сенат регламенті тәртібі бойынша заң жобалары екінші оқылымда қаралғанда сөз бас комитеттің өкіліне беріледі. Сондықтан бұл мәселелер бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сәрсенбай Еңсегенов сөйледі. Спикер алдымен заң жобасын қысқаша таныстырды.

"ҚР Парламенті Сенатының 2020 жылғы 30 сәуір күні өткен жалпы отырысында "ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Заң жобасы жан-жақты талқыланды... 11 мамыр күні Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл заң жобасы ҚР Конституциясының 32-бабында бекітілген Қазақстан азаматтарын бейбіт әрі қарусыз жиналыстар мен митингілер, демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдағы тұру құқығын жүзеге асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді көздейді. Ол үш тармаққа біріктірілген 21 баптан тұрады", - деді ол.

Содан соң депутат заң жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде оны жетілдіруге байланысты туындаған ұсыныстарды таныстырды. Атап айтқанда, заң жобасында бейбіт жиналыстарға қатысушылардан өз бетін бүркемеуін, оның ішінде бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды талап ету ұйымдастырушыға міндет қылып жүктелген. Сол сияқты бейбіт жиналысты өткізу кезінде ұйымдастырушыға бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Комитет ұйымдастырушыға міндеттеліп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынды.

"Заң жобасында бейбіт жиналыстарға қатысушылардан өз бетін бүркемеуін, оның ішінде бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды талап ету ұйымдастырушыға міндет қылып жүктелген. Сол сияқты бейбіт жиналысты өткізу кезінде ұйымдастырушыға бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Комитет ұйымдастырушыға міндеттеліп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі кей жағдайда бейбіт жиналысқа қатысушылардың жеке қорғаныш құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда заң жобасының жоғарыда аталған нормалары азаматтардың құқығын шектейді. Осындай негізбен заң жобасындағы бейбіт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға бағытталған жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға мүмкіндік беретін толықтыру ұсынылып отыр", - деді Еңсегенов.

Депутаттың айтуынша, заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды белгілеу және оның санына қатысты сұрақтар туындаған.

"Ол қоғамда да қатты талқыға түскен. Комитет мәселені қарап, Нұр-Сұлтанның, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетін қалалар мен олардың құрамына кіретін аудандарда арнайы орындар міндетті түрде орталықта орналасуы және олардың үшеуден кем болмауы тиіс деген шешімге тоқтады. Бұл жиналыстар, митингілер, тосқауыл қоюға қатысушылардың көріну мен естілу және оларды өткізу мүмкіндігін арттырады. Аталған ұсыныс заң жобасының осы мәселені реттейтін 9-бабының 2-тармағына қосымша екінші бөлік ретінде енгізілген", - деді ол.

Сонымен бірге, депутат заң жобасының бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту негіздерін айқындайтын 14-баптың 1-тармағындағы 10) тармақшасын алып тастау ұсынды. Ол бейбіт жиналысқа қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбіт жиналыстарды жалғастыруға мүмкіндік беру керегін айтты.

"Біздің ойымызша, бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде тыныштықты қамтамасыз етуге байланысты мәселелер арнайы орындарды белгілеген кезде қаралып, ескерілуі тиіс. Бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздеме тәртібі заң жобасының 18-бабында көзделген. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бейбіт жиналыстарға қатысушылардың күш қолдану әрекеттерін жасауы, сондай-ақ бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының бейбіт жиналысты ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қатысты осы заңның талаптарын бұзуы бейбіт жиналысты тоқтатуға негіз болады. Бұл қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды норма, оның заңда орын алуы жөн. Дегенмен қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбіт жиналыстарды жалғастыруға мүмкіндік беру керек деген ойдамыз. Сондықтан жоғарыда аталған норманы алып тастау және 18-бапты жаңа төтінші тармақпен толықтыру жөнінде ұсыныс дайындалды", - деді Еңсегенов.

Сонымен бірге, ҚР құқықтық актілер туралы заңының талаптарын ескере отырып, кейбір мағынасы жағынан жақын тармақтар біріктірілген.

Заң жобасы Мәжілісте қаралған кезде Сенат тарапынан 30-ға жуық ұсыныс жолданған еді. Олардың жартысына жуығы қабылданды.

Сенатордың айтуынша, заң жобасының қазақ тіліндегі мәтінінде қателер табылған. Осы заңның бастапқы жобасына ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргізу барысында 422 қате анықталған.

"Қазақстанның мемлекеттік тілі - қазақ тіліндегі мәтінде қателіктер анықталды. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында олар Сенат регламентінің 45-бабына сәйкес түзетілді. Заң жобаларын дайындау кезінде мемлекеттік тілдің тазалығы мен сапасына қатысты сындар азайған жоқ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған осы заңның бастапқы жобасына ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргізу барысында 422 қате анықталған. Бұған жай қарауға, көңіл аудармай кетуге болмайды деген ойламаймын", - деді ол.

Комитет ҚР Парламентінің комитеттер мен комиссиялар туралы ҚР заңының 29-бабы 1, 7) тармақшаларының негізінде "ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасын Сенат отырысының қарауына енгізе отырып, ҚР Конституциясы 61-бабының 5-тармағына сәйкес оларды Парламент Мәжілісіне жіберуді ұсынды.

Айта кетейік, бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында бейбіт жиындар туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Ол кезде заң жобасын бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев таныстырған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін