Жарияланды: 720

Қазақстан баспасөз клубы мен Еуразия қоры Қазақстанда "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі форум" құруға бастама көтерді

Бүгін, 17-наурызда Алматыда "Қазақстандағы әлеуметтік жауапты бизнес" тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Шараны Қазақстан баспасөз клубы мен Еуразия қоры бірлесе ұйымдастырды. Шараның мақсаты - "бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі" ұғымын жұртшылыққа таныстыру және оның аясын кеңейте түсу, Қазақстан рыногында жұмыс істейтін түрлі компаниялардың "әлеуметтік жауапты бизнеске" деген көзқарасы мен осы бағыттағы тәжірибесін сарапқа салу болмақ. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл оқиға халықаралық және отандық компаниялардың Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және осы салаға жоғары стандарттарды енгізуге бағытталған бірлескен іс-шаралары мен біртұтас пайым-түсінігін қалыптастыруға алғышарт болуы тиіс. Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылованың айтуынша, "бұл - бизнесті одан әрі дамыту мүддесін қоғамның кең ауқымды мүдделерімен теңестіру тәсілдерін іздестіруге бағытталған алғашқы қадам болмақ". Сондай-ақ, дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар елімізде тұрақты жұмыс істейтін "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі форум" құруға бастама көтерді. Олардың айтуынша, аталмыш форум "корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселесін талқылайтын тұрақты әрі беделді пікірталас алаңына айналуы тиіс". Еуразия қорының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Аида Досаеваның айтуынша, "елімізде әлеуметтік жауапкершілік ұғымы негізінен бір мәрте ғана жүзеге асырылатын әлеуметтік жоба деңгейінде көрініс беретіндіктен, көбінесе жарнамалық сипатқа ие. Ал экономикасы жоғары дамыған алпауыт елдерде корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік ұғымы әлдеқайда кең ауқымды қамтиды". "Әлемдік стандарттарға сәйкес келу үшін Қазақстандық корпорациялар әлеуметтік жауапкершілікке бірыңғай көзқарас ұстануы тиіс",- дейді А.Досаева.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін