Жарияланды: 1800

Қазақстан Ислам Даму банкінің жарғылық қорындағы өз үлесін арттырмақ ниетте - ҚР Елбасы

"Ислам Даму банкімен өзара ынтымақтастықты нығайту үшін біз банктің жарғылық қорындағы Қазақстаннның үлесін арттыру мәселесін қарауға дайын". Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, 2-қыркүйекте Ислам Даму банкі басқармалары кеңесінің жыл сайынғы 28-отырысының ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде атап көрсетті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Отырыстың ресми ашылу салтанатына ҚР үкіметі, ұлттық және мемлекеттік емес компаниялар мен банктердің басшылары, елімізде аккредитацияланған шетелдік елшілер, Ислам Даму банкінің мүше елдердегі басқарушы директорлары мен Ислам Даму банкінің президенті, сондай-ақ, банкке бақылаушы мәртебесінде қабылданған елдердің өкілдері қатысуда. Ислам Даму банкінің президенті Ахмед Мұхаммед Али де құттықтау сөз сөйледі. Ал отырыстың құрметті меймандары сөз сөйлегеннен кейін Ислам Даму банкінің мүше елдердегі басқарушылары жарыссөзге шығады. Ислам Даму банкі басқармалары кеңесінің жыл сайынғы 28-жиналысы барысында банк құрамына осынау халықаралық қаржылық институттың 55-ші мүшесі ретінде Өзбекстанды да қабылдау туралы шешім қабылданған. Өзбекстан атынан отырыста осы елдің вице-премьері Элиор Ганиев сөз сөйлейді деп күтілуде. Отырыстың ашылу салтанаты Ислам даму банкінің барлық 55 басқарушысын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстыру, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Ислам Даму банкі арасындағы үш келісімге қол қою рәсімімен аяқталады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қарағанды облысындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі биылғы жылдың наурыз айында мақұлданған жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол қоймақшы. Аталмыш жоба аясында облыстағы 90-нан астам елді мекенді сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 2004-жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтын жобаның жалпы құны 11,3 млн. долларды құраса, оның 9,451 млн. долларын Ислам Даму банкі бөледі. Несие 7 жылдық жеңілдетілген тәртіппен 25 жылға берілгелі отыр. Екінші келісім - еліміздегі пошталық жинақ байланысы саласын жаңалап жабдықтау туралы 2003-жылдың маусым айында мақұлданған жобаны қаржыландыру жөнінде. Бұл жоба "Қазпошта" компаниясымен бірлесу негізінде биылдан бастап жүзеге асырыла бастайды. Жалпы құны 13,450 млн. долларды құрайтын бұл жобаның Ислам даму банкі бөлетін 9 млн. доллары құрал-жабдық сатып алуға жұмсалады. Бұл несие 3 жылдық жеңілдетілген мерзіммен 12 жылға берілгелі отыр. Ал үшінші келісім бойынша Ислам Даму банкі 3 жылдық жеңілдетілген мерзіммен 12 жылға берілетін 13,615 млн. долларлық несиеге Астанада Есілдің сол жақ жағалауындағы арнаулы экономикалық аймақта Қазақ Гуманитарлық заң университетінің ғылыми-оқыту кешенін салу көзделіп отыр. Жалпы құны 20 млн. долларды құрайтын бұл жобаның 6,385 млн. долларын Елбасының бастамасымен құрылған "Сары Арқа" қоры қаржыландырады. Ислам Даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінде атап көрсеткеніндей, бұл банк қаржыландырып отырған еліміздегі жеке меншік сектордағы ең ірі жоба. Ал жоба бойынша кепілдемені еліміздегі ең ірі коммерциялық банктер беріп отыр. Сондай-ақ, банк өкілдігінде атап көрсеткеніндей, жоба тұңғыш рет дәл келісімге қол қояр қарсаңда мақұлданады. Ислам Даму банкінің басқармалары кеңесі жобаны 2-қыркүйекте отырыс барысында мақұлдап, келісімге 3-қыркүйекте қол қояды деп күтілуде. Ислам Даму банкін құру туралы шешім 1973-жылы Сауд Арабиясының Джидда қаласында Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер министрлерінің кездесуінді қабылданды. Ислам Даму банкіне қазіргі таңда 54 ел мүше. Бұрынғы КСРО республикаларының арасынан аталмыш банкке Әзербайжан (1992-жылдан бері) , Қырғызстан (1993-жылдан бері) , Түрікменстан (1994-жылдан бері) және Қазақстан (1995-жылдан бері) мүше болып табылады. Өзбекстан банкке мүше 55-ші ел санатына қосылғалы отыр. Ислам Даму банкінің 3 аймақтық өкілдігі бар : Африка елдерінің өкілдігі Мароккода, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің өкілдігі Малайзияда, Азия елдерінің өкілдігі Қазақстанда орналасқан. 2003-жылдың 1-тамызындағы жағдаймен Ислам даму банкі Қазақстан экономикасына 21 операцияны қамтитын 91,645 млн. доллар қаржы құйды. Банк тарапынан қаржыландырылған нақты жобаларға келсек, Сызғанов атындағы хирургиялық орталықты қазіргі заманғы медициналық жабдықпен қамтамасыз ету, Қарағанды-Астана және Алматы-Гүлшад автожолдарын салу, шағын және орта бизнесті қаржыландыру желілері, Қазақстанның пошта қызметін жаңалау және т.б. Қазақстан жеке меншік секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясының мүшесі болумен бірге, Ислам Даму банкінің аффилиирлік құрылымы болып табылатын Инвестициялар мен экспорттық несиені сақтандыру жөніндегі Ислам корпорациясына мүшеліке өткен аймақтағы тұңғыш елге саналады. Бұл корпорация өнім экспорттаушыларды коммерциялық және коммерциялық емес қатерлерден қорғау үшін 1994-жылы құрылған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін