Жарияланды: 630

Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалығын табысты аяқтады

Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалығын табысты аяқтады

Қазақстан құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалығын табысты аяқтап, басшылық тізгінін Джибутиге табыстауда. Осы маңызды оқиғаға орай жазылған еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың мақаласы ағылшын тілді ірі басылымдардың бірі Gulf news-те жарияланды.

Қазақстанның беделді ұйымға төрағалық етуі барысында алға қойған міндеттері мен жүзеге асырған жоспарлары жайын ой елегінен өткізген Е.Ыдырысов өз мақаласында: «Қазақстан 2011 жылдың маусымында ИЫҰ төрағалығы міндетін өзіне мынадай екі себепке байланысты алды. Біріншіден, біздің ойымызша, бұл ұйым панисламдық бірлік пен ниеттестіктің қажеттілігі өткір сезіліп отырған мезетте ислам әлемін біріктіруде маңызды тетікке ие. Екіншіден, біз ИЫҰ-ның ұзақмерзімді мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру ісіне, негізіне бейбітшілік, төзімділік және адамгершілік сынды ислами құндылықтар сай келетін ислам әлемінде жаңғыртуды алға бастыруға жаңа маңызды қарқын бере алатындығымызды түсіндік. ИЫҰ төрағалығы біздерге «араб оянуы» оқиғалары ауқымындағы өте күрделі қатерлер кезеңінде өтті. Бірқатар жағдайлар сәйкесінше экномикалық және әлеуметтік жаңғырудың болмауының жарқын дәлелі де бола алады. Бұл прогреске тұсау болып, ИЫҰ елдеріндегі миллиондаған адамдарды әлеуметтік әділдіктен, тұрақтылықтан және тамаша болашаққа деген үміттен айырды», - дейді. Бұл ретте Сыртқы істер министрі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың маусымында елордада өткен ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде сөйлеген сөзінде ислам әлемі үшін оның қуатты экономикалық әлеуетіне қарамастан бейбітшілікті қолдау, жаңғыру және қарапайым адамдардың өмірлік қажеттіліктеріне назар аудару сынды іргелі мәселелер әлі де болса барынша өзекті болып отырғандығын баса айтқандығын еске салады. «Біз ИЫҰ-ның негізгі назары экономикалық дамуды алға шығаруға және білімдегі тиімді инвестицияға, ғылымға және технологияға арқа сүйейтін сауда әрі инвестициялық саясатты жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабілеттілікке шоғырлауы тиіс деп санаймыз. Мұнымен өз төрағалығымыз кезінде біздердің ондаған жетекші исламдық экономика үшін тұғырнама қалыптастыру, халықаралық инновация орталығын құру, шағын және орта бизнесті қолдау, ИЫҰ аясында азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін дамыту сынды мәселелерді қоса алғандағы бірқатар маңызды бастамаларды не үшін алға шығарғандығымыз түсіндіріледі», - дейді ол. Оның атап өтуінше, Қазақстан аталған ұйымға төрағалық ету барысында бар күш-жігерін «Орталық Азия үшін ИЫҰ-ның арнайы бағдарламасын», яғни өңірдің өзінде, сонымен қатар ИЫҰ-ға мүше іргелес елдерде де экономикалық және әлеуметтік дамуды алға жылжытудың кешенді шараларын әзірлеп, жүзеге асыруға шоғырландырды. «Біз көптеген басқа да діндермен және діни наныммен қатар ислам мен христиандық та бейбіт түрде өркендеп отырған елдегі, Қазақстандағы өз тәжірибемізге сүйене отырып түрлі діни сенімдер мен діндер өкілдері арасындағы сұхбаттастықты дамытатындығымызға сенімдіміз», - деді Е.Ыдырысов. Бұдан бөлек, оның айтуынша, Қазақстан Ауғанстанға жәрдемдесуді басымдықты мәселеге айналдырды және ИЫҰ-ның осы елді әлеуметтік-экономикалық дамыту және экономикасын қалпына келтіру арқылы тұрақты бейбітшілікке қарай жылжыту бойынша ұзақмерзімді күш-жігерін қолдады. Мәселен, көмек көрсетудің екіжақты бағдарламасы аясында Қазақ елі Ауғанстанның ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге, экономикасын жаңғыртуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мол қаржы бөліп келеді. "ИЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің, сонымен қатар ұйым хатшылығының бізге көрсеткен мақұлдауы мен қолдауларын назарға ала отырып, біздің қадамдарымыз ИЫҰ-ның өз ұстанымдарын нығайтуға үлес қосады және ұйым «іс-қимылының онжылдық бағдарламасының» екінші жартысын жүзеге асыруға жаңа серпін береді деп сенім артамыз. 2005 жылы іске қосылған бұл бағдарлама төзімділікті нығайтуға, экономиканы жаңғыртуға, жан-жақты реформалар жүргізуге, сонымен қатар басқару стандарттарын арттыру мен адам құқығын қорғауға бағытталған», - деді ҚР СІМ басшысы. Осы ретте Е.Ыдырысов Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығы аяқталғаннан кейін де көкейкесті болатын басымдықтарға да тоқталып өтеді. Оның пайымынша, аталған басымдықтарды үш негізгі басты бағытқа бөлуге болады. Олар: өңірлік тұрақтылықты қолдау, біртіндеп саяси жаңғыру және ИЫҰ-ның өзінің әлеуетін арттыру. «Біз ислам әлеміндегі саяси жаңғыру мәселесі осы елдердегі биліктің экстремистердің қолына өтуіне сонымен қатар радикалды және деструктивті күштердің халықты адастыруға ұмтылыстарына тосқауыл қоюға және әлеуметтік, этникалық және діни балласты бұзуға жол бермеу тұрғысынан алып қарағанда маңызды деп санаймыз. Біз демократиялық құндылықтар негізінде әлеуметтік бейбітшілік пен теңдікті қолдауға бағытталған Тунистің, Египет пен Ливияның жаңа басшыларының күш-жігерлерін қолдаймыз», - деді ол өз мақаласында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін