Атап айтқанда, мәжілістің вице-спикері Сергей Дьяченконың Литва Республикасының Сеймінің сыртқы істер комитетінің төрағасы Юстинас Каросаспен кездесуі барысында парламентаралық ынтымақтастықтың бұдан да тығыз болу керектігі атап өтілді.
Литва делегациясының жетекшісі Юстинас Каросас Литва да, Қазақстан да демократияға еш қатысы жоқ кеңестік жүйеден шыққанын және екі парламенттің өзара қарым-қатынастарының қарқынын ұлғайту қажеттігін атап көрсетті.
Литва делегациясының мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрбақ Рүстемовпен кездесуі барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықтың болашақтағы даму мүмкіндіктері туралы ойларымен бөлісті.
«Литва Қазақстанның ежелгі және сенімді серіктесі болып табылады. Біздің мемлекеттерімізде әртүрлі салалардағы өзара іс-қимылдарды тереңдету үшін барлық мүмкіндіктер бар. Парламенттік деңгейдегі ынтымақтастық та мемлекетаралық қатынастардың кеңеюіне көмектеседі», — деп атап көрсетті кездесу барысында Нұрбақ Рүстемов.
Литва делегациясының жетекшісі аймақтағы жетекші орын иеленіп отырған Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан ел ретіндегі рөлін атап өтті. Ол сондай-ақ, Қазақстан-Литва қатынастарының әрі қарайғы дамуына қызығушылық танытты. Оның пайымдауынша, «қазіргі күні екі ел арасында ынтымақтастықтың жаңа қырлары пайда болды. Өйткені, Литва мемлекеті ЕҚЫҰ-да төрағалық ету мәртебесін Қазақстаннан алады».
Литва Сеймінің парламенттік делегациясының Қазақстанға сапары Қазақстан мен Литва арасындағы саяси өзара іс-қимылдарды бұдан әрі қарай дамыту, екі елдің жоғарғы заң шығарушы органдары арасындағы екі жақты парламентаралық байланыстарды нығайту, түрлі салалардағы екі жақты диалогтарды дамытуға ықпал ету мақсатындағы парламентаралық алмасу аясында іске асырылып отыр.
Литва Сеймінің ынтымақтастыққа дайын екендігін Литва парламент депутаттарының 44-і Қазақстан Республикасының парламент мәжілісімен байланыс тобын құрап отырғаны дәлелдейді. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісінде Литва Сеймімен ынтымақтастық тобында 14 депутат тіркелген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті