Жарияланды: 580

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығын ресми демаркациялау шаралары 19-мамырда басталады

19-мамырда "Жібек жолы " шекаралық бекетінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығын ресми демаркациялау шаралары басталады. Іс жүзінде шекара сызығына бағаналар орнату жұмысы осыдан екі ай бұрын қолға алынған. Бүгінге дейін 80-нен астам бағана тұрғызылды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР ҰҚК Шекара Қызметіне қарасты 2020 әскери бөлімнің штаб бастығы Сергей Сергиенко хабарлады.

12-мамырдағы жағдаймен 54 негізгі және 30 аралық шекара белгілері орнатылды. Оларды орнату жұмысымен үш демаркациялық топ айналысуда. Бірінші топ Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы "Қызыл күркіреме" шекаралық бекеті маңында, екіншісі тағы осы аудандағы "Қызылтаң" учаскесінде, үшінші топ Мақтаарал ауданындағы "Жаңа ауыл" учаскесінде жұмыс істеуде. Шекаралық бірінші бағана шекара сызығын делимитациялау шарасының нәтижесінде Қазақстанның қоластына өткен Бағыс елді мекенінде 19-сәуірде орнатылды. Оны осы мерзімге дейін мемлекеттік шекара сызығының 50 шақырымын белгілеп, "Жібек жолы" шекаралық бекетіне жақындай түскен бірінші топ орнатты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 800 шақырымға созылып жатқан мемлекеттік шекара сызығына белгі ретінде қадау үшін екі жақтан бірдей 700 діңгектен қажет. Шекара қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12-мамырдағы жағдаймен Өзбекстандық демаркациялық топтар бағана тапшылығына байланысты бірде-бір шекаралық белгі орнатпаған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін