Қазақстан Пәкістанмен арақатынасын автокөлік және темір жолдар арқылы жандандырмақ
Қазақстан Пәкістанмен қарым-қатынасты автокөлік және темір жолдар арқылы жандандырмақ. Өйткені, қазір екі ел арасындағы сауда-саттық пен барыс-келіс жағдайы көңіл көншітерліктей емес. |
Енді елімізбен байланысты барынша жақсарту мақсатында Астанаға Пәкістанның премьер-министрі келді. Науаз Шәріпті Мемлекет басшысы салтанатты түрде қарсы алды. Назарбаев алдымен Елордаға алғаш рет келген қонаққа Ақордадан Астананың көрікті жерлерін көрсетті. Кейін Назарбаев пен Шәріп жеке кездесті. Нәтижесінде тараптар екі ел арасындағы кенжелеп қалған сауда, экономикалық және ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды жандандырамыз деп келісті. Мәселенің бәрі автокөлік және темір жол арқылы шешілетін болды. «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» арқылы Парсы шығанағына апаратын темір жол бізге Пәкістанның порттарына да шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Науаз Шәріп Қазақстанды «Қытай-Пәкістан» көлік дәлізіне қосылуға шақырды. Тараптар әсіресе, дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы өнімдері мен тігін өнеркәсібінің тауарларын алмасатын болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сауда-саттықтың ауқымы төмен. Себебі, екі елдің арасындағы транзиттік мәселелер шешілмеген. Сондықтан көлік-транзит саласындағы мәселелерге өте көп көңіл бөлдік. ҚХР-ның «Ұлы Жібек жолының» экономикасы, Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы және қазіргі «Қарақорым» автокөлік жолы арқылы Қытай-Пәкістан-Қазақстан арасындағы жол қарым-қатынасты, сауда-саттықты жандандырады деп ойлаймыз.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін