Қазақстан президенті мемлекеттік наградаларды табыс етті - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан президенті мемлекеттік наградаларды табыс етті

Қазақстан президенті мемлекеттік наградаларды табыс етті

Астана. 14-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғылым және техника саласындағы мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтарды табыс етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

  • 14 Желтоқсан 2007
  • 714
Фото - Caravan.kz

Наградаларды табыс еткен президент Тәуелсіздік күніне орай Қазақстанның 1185 азаматы әртүрлі ордендермен және медальдермен марапатталғанын хабарлады. «Олар біздің еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға өз үлестерін қосты»,- деп атап көрсетті президент.

«Біз әртүрлі кәсіптің, әртүрлі ұлттың адамдары бәріміз бірге біртұтас елдің азаматтары ретінде ежелгі қазақ жеріндегі тәуелсіздігіміздің баға жетпес құндылығы болып табылатын бейбітшілік пен келісімді сақтаймыз»,- деді президент бүкіл қазақстандықтарға қарап сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысының жарлығымен Отан алдындағы ерен еңбегі үшін, әскери парызын мінсіз атқарғаны және жан аямай қызмет еткені үшін №55078 әскери бөлімшенің денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы аға лейтенант Азамат Жұмәділовке «Халық Қаһарманы» үздік дәрежесі беріліп, «Отан» ордені табыс етілді. Ол мұндай жоғары мәртебеге жалын шарпыған ғимараттан өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, тәуекелділікпен үш бала және олардың анасын алып шыққаны үшін лайық деп танылды.

Сонымен қатар, президент «Отан» орденін соғыс ардагері Талғат Бигелдиновке, Қазақстан Республикасының ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімовке табыс етті. Бірінші дәрежелі «Барыс» ордені сыртқы істер министрі Марат Тәжинге, екінші дәрежелі «Барыс» ордені Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовқа, үшінші дәрежелі «Барыс» ордені Оралдың «Газжобалау» ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас директоры Сухан Камаловқа табыс етілді.

Екінші дәрежелі «Даңқ» ордені Атырау облысының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінің бастығы Әмірхан Естаевке, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Сергей Миненковқа табыс етілді.

Екінші дәрежелі «Айбын» ордені Қазақстан Республикасының республикалық гвардиясының № 0111 әскери бөлімшесінің қолбасшысы Исатай Жәрдемовқа, Алматы облысы Ішкі істер департаментінің бастығы Бағдат Майкеевке және Қорғаныс министрлігінің № 19132 әскери бөлімшесінің эскадрилья қолбасшысы Александр Носковқа табыс етілді.

«Парасат» орденіне Астананың ұлттық ғылыми-медициналық орталығының директоры Абай Байгенжин, жазушы Қалихан Ысқақ, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев лайық деп танылды. Екінші дәрежелі «Достық» ордені Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының бастығы Руслан Чагайға, «Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының президент әкімшілігі бастығының орынбасыры Мәулен Әшімбаевқа, Алматы облысы Қарасай ауданының орта мектеп мұғалімі Рымкеш Байғонысоваға, Қазатомпром президенті Мұхтар Жәкішевке, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген медбике Гүлбахрам Ерімбетоваға, «Викторовская» ЖШС директоры Иван Куликке, «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлсәуле Орымбаеваға, Қарағанды облысының «Абай» кенішінің жерасты жұмысшысы Александр Сербентке және Алматының еңбек ардагері Әмина Тұяқоваға табыс етілді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды табыс етті. 2007 жылы бұл сыйлыққа Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің математикалық зерттеу әдістері кафедрасының профессоры Мұхтарбай Өтелбаев «Спекторлық теория және оның айқындауыштары» атты еңбек циклы үшін лайық деп танылды. Екінші сыйлық табиғи сесквитерпендік лактондар химиясын зерттеп, олардың негізінде жаңа дәрі-дәрмек жасап шығарғаны үшін «Цитохимия» ғылыми-өндірістік орталықтың авторлық ұжымына табыс етілді. Мемлекет басшысы республика азаматтарын Қазақстан Тәуелсіздігінің 16 жылдығымен құттықтай отырып, «барлық қазақстандықтарға табыс және әрбір отбасыға амандық» тіледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті