ҚР СІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сапар барысында Елбасы Жапонияның мемлекеттік басшылығымен кездесіп, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екі жақты ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылайды. Сапардың ресми бөлімі ертең, 19-маусымда басталады. Токиода Н. Назарбаев Жапония императоры Акихито, премьер-министр Ясуо Фукудамен және парламент спикерлерімен, Жапонияның іскерлік элитасы өкілдерімен келіссөздер жүргізеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылады деп көзделуде. Сондай-ақ сапар шеңберінде Қазақстан және Жапония кәсіпкерлерінің бизнес форумын өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қазақстан президенті Toshiba өндірістік кешеніне барады. 21-22 маусымға президенттің жеке сапары межеленген.
ҚР СІМ-нің мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы 2007 жылы 1,7 млрд долларды құрап, 2006 жылға қарағанда (1,1 млрд доллар) 54,5 пайызға өсті. Осы жылдың бірінші ширегінде екіжақты тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5,5 пайызға өсті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті