Жарияланды: 700

Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь республикаларын біріктірген Біртұтас Экономикалық Кеңістік үш кезеңмен құрылады

Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь республикаларын біріктірген Біртұтас Экономикалық Кеңістік үш кезеңмен құрылады. Кезеңдер реті Біртұтас Экономикалық Кеңістікті құру жөніндегі кешенді шаралар жобасында дәйектелді. Осынау кешенді шаралар жоспары мен Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру жөніндегі Келісім жобасы бүгін, 28-тамызда РФ үкіметінің отырысында қаралады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Ресей үкіметінің баспасөз қызметінің

хабарламасынан мәлім болды. Бірінші кезеңде Біртұтас Экономикалық Кеңістікке мүше елдер аумағынан шығарылатын тауар импортына қатысты ешбір шектеу немесе тәркілеуге жол берілмейтін еркін сауда режимі қамтамасыз етілуі тиіс. Ауылшаруашылығы тауарларынан басқа барлық тауар түрлері бойынша кедендік алым бағасы келісілуі қажет. Сондай-ақ, бірінші кезеңде төрт ел тауарларының шекара арқылы қозғалысын реттейтін заңдары біріздендіріліп, кедендік процедуралар жеңілдетілуі тиіс. Бұл кезеңде кедендік одақ құруға және біртұтас бәсекелестік орта қалыптастыруға қажетті алғышарттар жасалады. Қызмет түрлері, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына жекелеген шектеулер қолданылады. Екінші кезеңде ортақ кедендік тариф бекітілген Кедендік одақ құрылады. Азық-түлік өнімдерін импорттауға қойылған шектеулер мен демпингке қарсы қорғаныс шаралары күшін жояды. Сонымен бірге бұл сатыда Ортақ кедендік кодекс қабылданып, қызмет түрлері, капитал және жұмыс күші қозғалысына қойылған шектеулер алып тасталады. Екінші кезеңде Біртұтас Экономикалық Кеңістікті бір орталықтан үйлестіруші орган құрылып, оған кедендік, тарифтік және бәсекелестік саясат саласындағы толық құқық беріледі. Үшінші кезеңде Біртұтас Экономикалық Кеңістікті құру жұмыстары негізінен аяқталады. Бұл кезеңде ішкі кедендік шекаралардағы кедендік бақылау мен кедендік рәсімдеу шаралары жойылады. Сондай-ақ, үшінші кезеңде қызмет түрлері, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысына жағдай жасалады. Табиғи монополияларды реттеу саласындағы өкілеттілік біртұтас үйлестіруші органға беріледі. Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру жөніндегі Келісім жобасын 4 елдің вице-премьерлерінің басшылығымен құрылған Жоғары дәрежелі топ 2003-жылдың 15-тамызында бекіткен. Оған 4 мемлекет басшылары биылғы қыркүйекте Ялтада қол қояды деп күтілуде. Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру жұмыстары Дүниежүзілік сауда ұйымының нормалары мен тәртіптеріне сәйкес жүзеге асырылады. Біртұтас Экономикалық Кеңістікке мүше елдердің қайсыбірі Дүниежүзілік сауда ұйымына басқалардан бұрынырақ мүшелікке өткен жағдайда сол ел "төрттікке" мүше басқа елдердің де халықаралық ұйымға тез арада қамтылуына түрткі болуы қажет. Мұндай мемлекет Біртұтас Экономикалық Кеңістікке мүше басқа елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуіне қатысты келіссөздер барысында өз тарапынан талаптар қоюдан қалыс қала тұруы тиіс.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін