Жарияланды: 850

Қазақстан үкіметі табиғи монополиялар мен телекоммуникациялар саласын ырықтандыру жұмыстарын пәрмендендіре түсуі тиіс

"Қазақстан үкіметі табиғи монополиялар мен телекоммуникациялар, электр қуатын өндіру және темір жол саласын ырықтандыру жұмыстарын пәрмендендіре түсуі тиіс. Бұл салалар ашықтықты қамтамсыз етіп, бәсекелестікке сара жол салуы, ал халық өзіне көрсетілетін қызметтер сапасының жақсарғанын, бағаның арзандағаныны сезінуі керек". Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, 19-наурызда Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына

арнаған жыл сайынғы жолдауы аясында атап көрсетті, деп хабарлайды KZ-today тілшісі. "Монополияға қарсы күрес агенттігі бәсекелестікке қойылып отырған шектеулердің бар-жоғын анықтау үшін экономиканың барлық саласына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жылдың соңына дейін тиісті ұсыныстар енгізуі тиіс",- деді мемлекет басшысы. Н.Назарбаевтың айтуынша, "қазір Қазақстанның жалпы дүниежүзілік қауымдастықтағы бәсекелестік қабілеті, еліміз экономикасы мен қазақстандықтардың, ғалымдар, басқарушылар, кәсіпкерлер, мамандар мен жұмысшылардың бәсекелестік қабілеті туралы мәселе күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл мәселенің шешімін табу үшін біз экономикалық және әлеуметтік саланың қай-қайсысында да Еуропалық стандарттарға қол жеткізудің старегиялық жоспарын жасай бастауымыз абзал". "Экономика саласы - елімізді дамытудың негізгі басымдық берілген бағдар болып қала береді, ал, экономикалық өсімнің барынша жоғары қарқына қол жеткізу - негізгі міндет ",-деп атап көрсеткен Елбасы : "Қазақстан мұндай нәтижелерге 2010 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыру арқылы қол жеткізетін болады",- деді. "Бәсекелестік қабілетке жылыжайдағы сияқты мемлекеттің аялы алақанында отыру арқылы емес, сұрапыл күреспен ғана қол жеткізілетіні әркімге аян. Нақты ахуал осыны талап етеді. Бұл жерде мемлекеттің ең тиімді ролі бір жағынан экономиканы барынша ырықтандырып, мейлінше ашықтыққа қол жеткізуге, келесі жағынан, жеке меншік секторды еліміз үшін айрықша маңызды экономикалық салаларды дамыту мақсатына жұмылдыру және соған қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру үшін белсенді жұмыстар жүргізуге келіп саяды",- деді президент. Н.Назарбаевтың айтуынша, "2005 жылғы экономикалық дамудың негізгі бағыттары мыналар болмақ: экономиканы одан әрі дамыту және жүйелі реформаларды одан әрі жалғастырып, бюрократияның бетін қайтару арқылы бәсекелестікті арттыру; қазақстан экономикасының ашықтығын күшейту; индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру; ауылды өркендету және инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру". Елбасының пікірінше, жоғары өсім қарқыны мен бәсекелестік қабілет "көп жағдайда экономиканы бюрократия бұғауынан құтқару деңгейіне байланысты. Қазақстанда кәсіпкерлердің жұмыс істеу жағдайы жақсара түсті. Ол ең таңдаулы деп ауыз толтырып айтатындай деңгейге жетпегенімен, ең жаманы деп жоққа шығару да қисынға келмейді". Осы орайда Елбасы парламенттің осыған қатысты заң қабылдағанын, соған сәйкес "заңды тұлғаны тіркеу бар-жоғы 10 минутта жүзеге асырылатынын, тіркеудің өзі әділет министрлігі, салық және статистикалық қызмет секілді небәрі үш нүктеде ғана жүргізілетінін" еске сала кетті. "Бизнестен біз жағдайымды жақсарта түс деген жалбарыныш қана естіп отыруға тиіс емеспіз. Керісінше біз олардан бәсекелестік қабілетін арттыруға, өнім мөлшерін өсіруге және мемлекеттк бюджетке тапсыратын түсімдерін ұлғайтуға бағытталған батыл қадамдар мен қарымды қимылдарды күтуге қақымыз бар",- деді мемлекет басшысы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін