Жарияланды: 1200

Қазақстанда "Антиплагиат" жүйесі енгізілді - ҚР БҒМ

Астана. 18 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттандыру орталығымен бірлесе отырып "Антиплагиат" жүйесін енгізді. Бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтің қатысуымен "Антиплагиат" жүйесінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды агенттік тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның негізгі бағыты - ғылыми жұмыстардың басқа жұмыстардан көшірілмеуін немесе бұрынғы жарияланған жұмыстардың қайталанбауын алдын алу үшін жаңа ғылыми жұмысқа талдау жасау. "Клиент-сервер" сәулеті негізінде құрылған жүйе әртүрлі форматтағы деректер жинағын сақтайды және өңдеу пакетін құрады, сондай-ақ барлық ақпарат жүйесі бойынша толық мәтінді іздеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жаңа ғылыми жұмыстарға талдау және салыстыру жүргізілетін деректердің эталондық базасы толықтырылуда. Оның жалпы көлемі 2 500 (диссертациялар мен ғылыми жариялымдар) құжатты құрайтын тест (пилотты) массиві құрылды. Болашақта көшіріп алуды тексеру көлемі кеңейтілетін болады және бұл жүйе тек қана диссертацияларды ғана емес, сонымен қатар басқа да ғылыми еңбектерді, оқулықтарды, оқу құралдарын сараптауда пайдаланылатын болады. Диссертациялық кеңестердің жұмыс тәртібін, ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелерін беру рәсімін реттейтін нормативтік құқықтық база қайта қаралды. Ғылыми дәрежесіне ұсынылған диссертациялардың негізгі ғылыми жаңалықтарының жариялануына, диссертациялық кеңестің қызметіне қойылатын талаптар күшейді. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті қорғалған диссертациялардың екеуіне теріс шешім берген жағдайда, диссертациялық кеңестің қызметі тоқтатылады. Министрлікте диссертациялық кеңестер жүйесін жаңғырту бойынша іс-шаралар өткізілді. Қазіргі уақытта республикада 225 ғылыми мамандықтар бойынша 141 диссертациялық кеңес, оның ішінде 137 - докторлық, 4 - кандидаттық кеңес қызмет атқаруда (2007 жылы 176 болған). Ізденушілер мен диссертациялық кеңестерге қойылатын талаптардың күшейгенін мынадай мәліметтерден байқауға болады: 2008 жылдың 9 айы ішінде 170 диссертация бойынша теріс шешім қабылданды, 16 қабылданбай, 154 жұмыс кері қайтарылды. Ғылыми дәрежелер беруде теріс шешім қабылдауға итермелейтін себептердің бірі материалдардың ұқсастықтары және авторға сілтеме жасамау болып табылады. Жалған диссертацияларды, біреуден көшіріліп алынған немесе бірнеше диссертацияларды топтастырып бір жұмыс жасауға бағытталған диссертацияларды дер кезінде анықтау мақсатында Министрлік бастама жасады және Ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттандыру орталығымен бірлесе отырып "Антиплагиат" жүйесін әзірледі. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін