Агенттік төрағасының пікірінше, біртұтас мәліметтер қорын қалыптастыру күрделі ақпараттық ресурс ретінде сақтандыру рыногына қатысушылардың көптеген тауқыметтерін шешуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, агенттіктегілердің пайымдауынша, біртұтас мәліметтер қоры автокөлік құралдары иелірінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі міндеттемелерін бақылауды жеңілдетеді. Сондай-ақ, сақтандыру компанияларының ортақ ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі сақтандыру төлемдері бойынша алаяқтық оқиғаларының санын қысқартады.
Ал бүгінгі конференцияға қатысушылардың пікірінше, автокөліктерді сақтандыру рыногына қатысушылардың біртұтас мәліметтер қорын қалыптастыру заңгерлік және техникалық сипаттағы бірқатар қиындыққа душар болмақ.
Мәселен, Алматы қалалық ІІББ жол полициясы департаменті өкілінің пікірінше, тіркелетін және нақты болған жол апаттары арасындағы үлкен айырмашылыққа байланысты жол апаттарына қатысты шынайы статистикалық мәліметтерді көрсететін біртұтас мәліметтер базасын қалыптастыру мүмкін емес. «Жарты жылда Алматыда 900-ден астам жол апаты тіркеліп, соның салдарынан адамдар мен көлік зардап шекті. Алайда, апаттарға қатысты шынайы түсінік қалыптастыру үшін бұл санды кем дегенде жетіге көбейту керек»,- дейді полиция қызметкері.
Сондай-ақ, бүкіл республика көлеміндегі мәліметтерді түгелдей қамтитын мұндай ауқымды ресурсты құрып жұмыс істету үшін орасан көп қаржы қажет. Алайда, әзірге қаржы көлемі және оны бөлетін көздер туралы мәселенің басы ашылған жоқ.
Бұған қоса, мәселенің заңгерлік жағы- сақтандыру құпиясын сақтау да көлденең тартылмақ.
Сол себепті автокөліктерді сақтандыру рыногына қатысушылардың біртұтас мәліметтер қорын құру мәселесін зерттеп, жүйелеу үшін жұмыс тобын жасақтау ұйғарылды. Оған агенттік, сақтандыру компаниялары мен жол полициясы өкілдері енеді. Жұмыс тобының мүшелері біртұтас мәліметтер базасын құруға бағытталған нақты шаралар жоспарын, жоба бюджеті мен мәселенің техникалық жақтарын екі айда әзірлеп бітеді деп күтілуде.