Жарғылық қоры 4 млн. долларды құраған қордың құрылтайшылары — «Ұлттық инновациялық қор» АҚ мен «ТұранӘлемСекьюритис» АҚ. Болашақта «Жоғары технологиялардың «Әрекет» қоры» АҚ-ның капиталына басқа инвесторлар да қатысады деп күтілуде.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың атап көрсетуінше, жаңадан құрылған қордың басты мақсаты — келешегі бар инновациялық жобаларға инвестиция тарту болмақ. «ТұранӘлемСекьюритис» АҚ-ның директоры Қайрат Бектановтың айтуынша, қазір осындай тоғыз жоба қаралу үстінде.
Жоғары технологиялы өндірістерді құрып дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландыруға басымдық беріледі. Алдағы уақытта инвестициялық компанияларды республиканың қаржы рыногына шығару көзделіп отыр.
«ТұранӘлемСекьюритис» АҚ директорының пікірінше, жаңа компанияларды қаржы рыногына шығару отандық бизнестің бәсекелестік қабілетін арттырып, акциялар рыногын дамытуға түрткі болмақ.