Жарияланды: 560

Қазақстандағы мұнайгаз кешенін одан әрі дамыту қолданысқа жаңа заң енгізуді талап етеді

Қазақстандағы мұнайгаз кешенін одан әрі дамыту- қолданысқа жаңа заң енгізуді талап етеді. Бұл туралы бүгін, 21-тамызда Алматыда өтіп жатқан "Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі мұнай операцияларын мемлекет тарапынан заң жүзінде реттеу және регламентациялау" тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның вице-президенті Махамбет Батырбаев KZ-today тілшісіне хабарлады.

М.Батырбаевтың пікірінше, қазіргі таңда "Қазақстанда салық салу тұрғысында инвесторларға да, отандық компанияларға да ұзақ жылдар бойы қолайлы болатын заңдық базаны таңдау талабы туындап отыр. Бірақ бұл инвесторларға қойылатын талап күшейтіледі дегенді білдірмейді". "Каспий қайраңының Қазақстандық бөлігін игеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы нәтижесінде еліміз қазіргіден де көлемдірек инвестиция тартуға мүмкіндік алады. Сол себепті еліміз бұған заңдық тұрғыда дайын болуға тиіс",- дейді "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның вице-президенті. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Каспий қайраңының Қазақстандық бөлігін игеру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша Каспий шельфін үш сатылы дамыту көзделіп отыр. 2005-жылға дейін есептелген бірінші сатысында тендерлік құжаттар дайындалып, Каспий теңізіндегі құрылымдарды игерудің экономикалық, геологиялық және салық модельдері жасалады. 2005-2010-жылдарға есептелген екінші сатысында тендерлік процедуралар өткізіліп, Каспий теңізіндегі кеніштер игеріле бастайды. 2010-2015-жылдар аралығындағы үшінші сатыда шельфті зерттеу жұмыстары мен кеніштерді игеру одан әрі жалғасады. Инвестициялар тарту арқылы Қазақстан 2015-жылы дегенде 150-170 млн. тонна мұнай өндіріп, 75 млрд. текше метр көгілдір отын өңдеуді көздеп отыр. Бағдарлама мәліметтеріне сәйкес, Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі көмірсутегі шикізатының өндірілетін қоры 3,6 млрд. тоннаны, ал табиғи газ қоры 2 триллион текше метр деп бағалануда. Ал Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі жалпы көмірутегі қоры шартты отын өлшемі бойынша 15 млрд. тоннаны құрайды деп күтілуде. 64 процент өнім теңізде, 36 проценті құрғақта өндіріледі деп межеленген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть