Жарияланды: 560

Қазақстандағы орташа зейнетақы 66 мың теңгеден асты

Қазақстандағы орташа зейнетақы 66 мың теңгеден асты

Елімізде 2017 жылдың 1 қыркүйегінде орташа зейнетақы мөлшері 66 051 теңгені межелеп отыр. Мұнымен қоса, зейнетақы алатын азаматтардың саны 2 104,2 мың адамды құрады, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

2017 жылғы қаңтар-тамыз айларында базалық зейнетақыны төлеуге арналған шығындар 223,1 млрд теңге, ал ынтымақты зейнетақы төлемдеріне арналған шығындар - 798,5 млрд теңге болды.

Бүгінде 669,6 мың адам мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақы алуда. Оның ішінде 506,6 мың адам мүгедектігі бойынша, 161,2 мың адам асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, 1,8 мың адам жасына байланысты әлеуметтік көмекпен қамтылған.

Ал, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 32 392 теңгені құраса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін көмек құны 28 571 теңгені, сондай-ақ, жасына байланысты алатын әлеметтік жәрдемақы  12 719 теңгеге жетті.

Атап өтер жайт, 2017 жылғы 31 қаңтардағы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеп, оған Мемлекет басшысы қол қойған болатын.

Аталған құжат бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап өткен жылмен салыстырғанда зейнетақы мөлшері 20%-ға  артты.


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін