Жарияланды: 380

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада биліктің орталық органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің 2 депутаты өз мандаттарын тапсырды. ҚазАқпарат осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.

Сонымен, осы аптада таяуда құрылған ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі аталды. Бұл лауазымды қызметке бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі болған Алтай Әбибуллаев келді. Ол алдағы уақытта қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары үшін тұрақты брифинг өткізетін болады. 1974 жылы дүниеге келген А.Әбибуллаев Варшава университетінің журналистика және саясаттану факультетінің халықаралық қатынастар магистрі. Сыртқы саясат жүйесінде 1997 жылдан бастап қызмет етіп келеді, Польша және Австриядағы ҚР Елшілігінің кеңесші-елшісі болып жұмыс жасады, сондай-ақ Венада халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігінде еңбек етті. Осы аптада Парламентпен 2 Мәжіліс депутаты қош айтысты. Оның бірі Мұрат Абдуламитұлы Әбенов Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды. Ол мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, орта білім, балалардың құқықтарын қорғау және жастар саясаты мәселелерін басқаратын болады. 47 жастағы оның білім беру саласындағы жұмыс тәжірибесі мол. Еңбек жолын информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. әр жылдары Қызылорда облыстық әкімдігінің аппаратында жұмыс істеп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасын басқарған. Осы облыстың ішкі саясат департаментінде директор болып, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ мәжілісмен Дарья Клебанованың да депутаттық мандаттан өз еркінен бас тартқаны белгілі. Қарағанды облысындағы Приозерск қаласының әкімі болып бұған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеген 36 жастағы Қайрат Қамзин тағайындалды. Қ.Қамзин 1976 жылы дүниеге келді, екі жоғары білімі бар, мамандығы бойынша инженер-механик, қаржы бакалавры. Еңбек жолын 1999 жылы «Азия Центр и К» ЖШС-де көлік слесарі болып бастады. 2001-2005 жылдары коммуналдық шаруашылық саласында түрлі қызметтерде жұмыс істеді. 2005 жылдың ақпан айынан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеуде. Техникалық реттеу және метрология комитетінің аймақтық басқармасының жетекші маманы, Қарағандыдағы Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының ұйымдастырушылық және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы, мемлекеттік монополия және талдау бөлімінің бас маманы, одан кейін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қарағанды облысы бойынша басқармасында техникалық реттеу бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. 2010 жылдың қазан айынан бастап қазіргі тағайындауға дейін Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаев жақында жұмыс сапарымен «Достық» кеден бекетінде болды. Сапар барысында комитет төрағасы «Достық» кеденшілер ұжымына жаңа басшы Нұрлан Әзімбаевты таныстырды. Ол бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Майқапшағай» кеден бекетінің бастығы қызметін атқарған болатын. Сонымен қатар осы аптада Қазақстанның кәсіби футбол лигасының төрағасы болып Михаил Ильич Гурман тағайындалды. Ол 1953 жылы дүниеге келген, Қазақ дене тәрбиесі институтын, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген. Футболшы ретінде Қызылорданың «Орбита», Алматының «Қайрат», Павлодардың «Трактор», Қарағандының «Шахтер» командаларында өнер көрсеткен. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін «Альфа» кооперативінің төрағасы, Қазақстан футбол қауымдастығының вице-президенті, ҚР Туризм және спорт министрлігінің департамент директоры болып жұмыс істеген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін