Жарияланды: 530

Қазақстандық депутаттар ТМД Парламентаралық ассамблеясының Санкт-Петербург қаласының 300 жылдық мерейтойына арналған кезекті отырысына қатысты

Бүгін, 16-маусымда Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық ассамблеясының Санкт-Петербург қаласының 300 жылдық мерейтойына арналған кезекті отырысы өтті. ҚР парламенті сенатының БАҚ-тармен байланыс жөніндегі бөлімінен KZ-today тілшісіне хабарлауынша, қазақстандық депутаттар өкілдерін сенат спикері Оралбай Әбдікәрімов басқарды.

Отырыста сөз сөйлеген Оралбай Әбдікәрімов Санкт-Петербург қаласының дүниежүзілік және Ресей тарихындағы ролін жоғары бағалады. Осы орайда ол Санкт-Петербургтің үш ғасыр бойы көптеген жаңартулар мен жаңалықтардың орталығы, Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз байланыстың, екі мемлекет халықтарының арасындағы мызғымас достықтың бастау алған жері болғанын атап көрсетті. Ассамблеяны айтулы датамен құттықтаған Қазақстандық сенат спикері қалаға бейбітшілік пен гүлдену, ал Ресей халқы мен Петербург тұрғындарына бақыт пен молшылық тіледі. Қазақстандық өкілдер бұдан соң Ұлы қазақ ақыны Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ бүгін О.Әбдікәрімовтың басқаруымен Таврический сарайында Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясының төртінші отырысы өтті. Қазақстандық депутаттар сондай-ақ, ТМД Парламентаралық ассамблеясының тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты. Онда бірнеше модельдік заңдардың жобасы сарапқа салынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть