Жарияланды: 820

Қазақстанның БҰҰ АҚК-нің мүшелігіне қабылдануы адам құқық­та­ры­ның мызғымастығы мен үс­тем­дігін қамтамасыз етудегі еліміздің жетістіктерін айғақтайды

Қазақстанның БҰҰ АҚК-нің мүшелігіне қабылдануы адам құқық­та­ры­ның мызғымастығы мен үс­тем­дігін қамтамасыз етудегі еліміздің жетістіктерін айғақтайды

Үстіміздегі жылы Қазақ­стан­ның құқық қорғау саласында, ең кем дегенде, екі ірі оқиға болды.

«Егемен Қазақстан» газетінде «Демократия дамуының жаңа деңгейі» тақырыбымен бүгін жарияланған мақалада Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов Қазақ елінің аталмыш бағыттағы жетістіктеріне егжейлі-тегжейлі тоқталды. - 13 наурызда Мемлекет бас­шы­сы «Қазақстан Республика­сы­ның Құ­қық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиядағы (Венеция комиссиясындағы) мү­­­шелігі туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшы­сының бұл актісі Қазақстанның тиісті өтінімін қа­на­ғаттандыру туралы Еуропа Кеңесі Министрлер Комитетінің шешімінен кейін қабылданды, ал бұл Қа­зақстанның құқық үстемдігін нығайту саласындағы жетістіктерін халықаралық қауым­дастық мойындағанын білдіреді. 12 қарашада Нью-Йорк қала­сында БҰҰ Бас Ассам­блея­сы­ның 67-сессиясы барысында БҰҰ-ның Адам құқықтары жө­ніндегі ке­ңесінің 2013-2015 жыл­дарға арналған жаңа мүшелерін сайлау болып өтті. Осы сессияда Кеңес құрамына бар­лы­ғы болып жаңа 18 мүше ел, со­лар­дың қа­тарында Қазақстан да сай­лан­ды. Бұл шешім адам құқық­та­ры­ның мызғымастығы мен үс­тем­дігін қамтамасыз етудегі еліміздің жетістіктерін сөз­сіз айғақтайды. Тәуелсіздігіне қол жеткізген күннен бастап-ақ Қазақстан қо­ға­­мы әрбір тұлғаның құндылық еке­нін түйсіну, оның қадір-қа­сие­тін мойындау және қорғау, адам­ның айырылмас құқықтары мен бос­тандықтары идеясын ор­нық­тыру бағытында дамып келеді. Конституцияның 1-бабында Қа­зақстан Республикасы өзін де­мократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бос­тан­дық­тары оның ең қым­бат қазынасы болып табы­лады деп баян етілген. Негізгі Заңның әлеуетін мейлінше аша түсу жөніндегі Мемлекет бас­шы­сының нақты тапсыр­ма­сы арқасында, осы жылдары адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында аз шаруа тын­­дырылмады. Тәуелсіз сот жүйесі дамып, үнемі жетілдіріліп отыр­ды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылып, оның қызметі мемлекеттік құқық қорғау механизмдерін толықтырып келеді. Қазақстан адам құқықтарын қор­ғау саласындағы бірқатар ха­лықаралық әмбебап актілерге қо­сылды. Айта кетерлігі, олардың ішінде ең біріншісі - Бала құ­қық­тары туралы конвенция. Бертін келе Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы, Эконо­ми­ка­лық, әлеуметтік және мәдени құ­қықтар туралы халықаралық пактілерді, БҰҰ-ның Сыбайлас жем­қорлыққа және трансұлттық ұйым­дасқан қылмысқа қарсы күрес туралы конвенциясын рати­фикациялады. Адам құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар екіжақты халықаралық әмбебап актілер, солардың ішінде Геноцид қыл­мысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы, нәсілдік кем­сітушіліктің барлық нысан­дарын жою туралы, кепілге алуға қарсы күрес туралы, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, ар-намысты қор­лайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы, сондай-ақ тағы басқа конвенциялар қолданыстағы құқық жүйесіне қосылды. 2008 жылы Қазақстан Азаптауларға жә­не басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға Факультативтік хаттаманы рати­фи­кациялады. Бұл құжат жо­ға­ры­да айтылған адамгершілікке жат іс-әрекеттердің алдын алу мақса­тын­да, бас бостандығынан айрыл­ған адамдар отырған жерлерде тәуелсіз халықаралық және ұлт­тық органдардың үнемі болуы жүйесін құруды көздейді. Қазақстан Кеңес жұмысына үнемі қолдау білдіріп, БҰҰ-ның басқа да құқық қорғау құрылым­дарымен белсенді түрде ынты­мақ­тасып келеді. 2010 жылғы ақпанда Қазақстан Кеңестің жаңа құқық қорғау механизмі - Әмбебап мерзімді шолу шеңберінде өзінің алғашқы ұлттық баяндамасын сәт­тілікпен қорғап шықты. Қазақстанда адам құқықтарын қорғау саласында қол жеткізілген жетістіктерді халықаралық сарап­шылар мойындайды. Осы орайда, біздің еліміз адам құқықтарының жай-күйі бойынша халықаралық құқық қорғау құрылымдарының алдында ақталумен ғана шектеліп, «қорғаншақтап» келген уақыттар келмеске кетті деп ашық айтуға болады. Енді біз кемшіліктерді жоя білетін ғана емес, өзге елдер үшін үлгі де бола алатынымызды танытуға дайынбыз. Енді Кеңеске келер болсақ, ол 2006 жылғы 15 наурызда Адам құқықтары жөніндегі комиссия­ның орнына құрылып, адам құ­қық­тарын қорғау саласындағы ха­лықаралық жетекші орган болып табылады. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде адамның жер жүзінде жалпыға бірдей құрмет­те­луіне және оның барлық құ­қық­тары қорғалуына қолғабыс етуге және адам құқықтары бұзы­луы­мен байланысты жағдайлардың қаралуына, сондай-ақ тиісті ұсы­нымдар дайындалуына жауапты үкіметаралық орган болып табы­лады. Кеңестің құзыретіне адам құ­қық­тары саласындағы барлық өзек­ті тақырыптар мен жағдайларды талқылау жатады. Кеңес Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 47 мемлекеттен тұрады, оларды БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы сай­лайды. БҰҰ-ға мүше барлық мемлекет Кеңеске мүше бола алады. Олардың әрбірін Бас Ассамблея мүшелері көпшілік дауыспен тікелей жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Осылайша шеттен қан­дай да болсын тәсілмен ықпал етуге жол берілмейді. Кеңес мүшелері географиялық жағынан әділетті өкілдік ету қа­ғи­дасы бойынша сайланады және өңірлік топтар арасында мандаттар былайша таратылады: аф­ри­ка­лық мемлекеттер тобы - 13 орын; азиялық мемлекеттер тобы - 13 орын; шығысеуропалық мемлекеттер тобы - 6 орын; Латын Аме­ри­касы және Кариб бассейні мем­ле­кет­терінің тобы - 8 орын; батыс­еу­ропалық және өзге де мем­ле­кет­тер тобы - 7 орын. Қа­зақстан азия­лық мемлекеттер то­бы­на жатқы­зылған. Кеңестің штаб-пәтері Женева қаласында орналасқан, ол бір жыл ішінде өзінің отырысына мерзімімен жиналып отырады. Бұл сес­сиялардың жалпы ұзақтығы он аптадан кем болмайды. Кеңес өзіне Бас Ассамблея бер­ген мандаттарға сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасынан бө­лек, өз алдына дербес орган болып табылады. Дегенмен, АҚЖҚБ Адам құқықтары жөніндегі кеңес­тің отырыстары мен жиналыстары өткізілуін қамтамасыз етеді, ар­найы ресімдерге қызметкерлерін қатыстырып, материалдық-техни­калық қамсыздандыру, зерттеу жұ­мыстарын жүргізу түрінде қол­ғабыс етеді. Жоғарғы комиссар Кеңестің сессияларына қатысып, адам құқықтары бойынша әлем­дегі жағдайға үнемі шолу жа­сайды. БҰҰ-ның жарғылық органы болып табылатын Кеңеске қара­ғанда, Адам құқықтары жөніндегі комитет келісім-шарт негізінде құрылған орган болып табылады. 2009 жылы Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы 1966 жылғы 19 желтоқсандағы халықаралық пактіге Факультативтік хат­тамаға қосылды және сол ар­қылы БҰҰ Адам құқықтары жө­нін­дегі комитетінің мемлекеттік билік органдары қабылдаған актілер немесе шешімдер бойынша олардың іс-әрекеті мен әре­кет­сіздігіне қатысты, Қазақстан Рес­публикасының юрисдик­ция­сы­на жататын, жекелеген тұлға­лар­дың хабарлауын қабылдау және қарау құзыретін мойындады. Қа­зіргі уақытта біздің еліміз атынан бұл Комитетке белгілі заңгер-ғалым, заң ғылымдарының док­то­ры, Қа­зақстан Республикасы Ор­та­лық сай­лау комиссиясының мү­шесі М.Сәрсембаев мүше болып та­бы­лады. Кеңеске мүше болу қосымша міндет жүктейді. Енді Қазақстан адам құқықтары туралы жоғарыда аталған және өзге де халықаралық актілердің басқа елдердің, соның ішінде біздің республикамыздың да ұлттық заңнамасына енгізілу үрдісін бақылап отырады. Сондық­тан, біреуге баға беруден бұ­рын, өзің биік талап деңгейінен шығуың керек. Кеңес мүшелерін сайлау кезінде үміткерлердің адам құқық­та­рын қорғау ісіне қалай үлес қосқаны және осы мақсатта ерікті жарна жасап, өзіне қандай міндеттер қабылдағаны ескеріледі. Өз қызметінде Кеңес мүшелері адам құқықтарын көтермелеудің және қорғаудың ең жоғары стандарт­та­рын қолдауға тиіс. Бас Ассамблея отырысқа қатысып, дауыс беріп отырғандардың үштен екі көп­шілік даусымен, адам құқықтарын жүйелі әрі көпе-көрінеу түрде бұ­зып отырған қандай да бір елдің Кеңеске мүшелігін тоқтата алады. Кеңеске мүше болу үлкен жа­уап­кершілік жүктейді және елдің құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша кешенді ша­ра­ларды қолға алуды қажетсінеді. Өзін мүшелікке қабылдау туралы өтінішті бере отырып, Қазақстан осы саладағы реформаларды одан әрі жалғастыруға бел буа кіріскенін аңғартты. Қазір Президент тапсырмаларына сәйкес Қазақ­стан­да жүргізіліп жатқан демо­кратиялық жаңғыртулар аясында, адам құқықтарын ең жоғары құн­дылық деп тану қағидасын сіңдіру мақсатында, қазіргі заманғы қау­іп-қатерлер мен бой көрсетулерге бара-бар жауап ретінде Қыл­мыс­тық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің және өзге де заңнамалық акті­лер­дің жаңа редакциялары әзір­ле­ну­де. Бұлардың жобаларында халықаралық құқық қорғау құры­лым­дарының ұсынымдары мен елі­міздің халықаралық міндеттемелері ескеріледі деп ойлаймын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін