Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Экономикалық, әлеуметтік негізгі даму көрсеткіштері бойынша және халықтың тұрмыс деңгейіне қарай Қазақстан бүгінде ТМД аясында көшбасшы орында және жоғары қарқынмен даму үстінде. Соңғы жеті жылда еліміздің Жалпы ішкі өнімі екі есе өсті, оның 4/5 бөлігі жеке меншік секторда өндіріледі. Қазақстанның ЖІӨ дүниежүзінде соңғы 7 жылдағы ең қарқынды өсуші көрсеткіш болып табылады. Алдағы үш жылда оның орташа өсімі 8,5% деңгейінде сақталады,бұл атап айтқанда, 2008 жылы 2000 жылға шаққанда Жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру жөніндегі стратегиялық мақсатты шешуге мүмкіндік береді», — деді Н. Назарбаев.
Оның атап көрсеткеніндей, «әлемнің 60 елінің Қазақстан экономикасына құйған тек таза тікелей инвестициясы 70 млрд долларға жетті». «Бұл Орталық Азия елдеріне жұмсалған барлық тікелей инвестициялардың 80% және ТМД елдері алған жалпы жиынтық инвестицияның 10%. ЕО елдерінен келген инвестициялардың үлесі жалпы көлемнің 53% құрайды», — деді Қазақстан президенті.
Елбасы сонымен бірге Қазақстанның әлемдік шаруашылық жүйесіне де табысты кіріге бастағанын атап өтті. «Егер 1993 жылы сыртқы сауда айналымы $4,9 млрд болса, ағымдағы жылы ол $80 млрд болмақ»,- деді президент.
Н. Назарбаев Әлемдік банктің жікетуі бойынша Қазақстанның кіріс деңгейі орташа елдердің қатарына жататынын атап өтті.
«Соңғы 10 жылда қазақстандықтардың ақшалай кірісі орта есеппен 5 есе; айлық орташа жалақы шамамен 6 есе; ең төменгі жалақы 25 есе; айлық орташа зейнетақы мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір тұрғынға шаққандағы салымдар көлемі тиісінше 35 және 37 есе өсті», — деді Н. Назарбаев.
Мұнайгаз өнеркәсібі экономиканың басқа салаларын алға сүйреген локомотивке айналды, деді мемлекет басшысы. «2015 жылы біз әлемдегі көмірсутегі шикізатын экспорттаушы ірі 10 елдің клубына еніп, 130 млн тонна мұнай мен 80 млрд текше метр газ өндірмекшіміз, бұл Қазақстанның қарқынды дамушы әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіндегі экономикалық ролін біршама арттырады», -деді Қазақстан президенті.
Сонымен бірге Қазақстан қазірдің өзінде ферроқорытпалар, мыс, қорғаныс, мырыш, минералдық тыңайтқыштар, уран концентраттарын экспорттаушы ел болумен бірге ұн мен бидай экспорты бойынша әлемде алдыңғы орынға шықты.
«Қазір Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосу стратегиясын жүзеге асыру мақсатын алға қойып отырмыз. Бұл орта мерзімді перспективада экономиканы әртараптандыру мен тиімді әкімшілік реформаларды жүргізу аясында жоғары өсім қарқынын сақтап қалуды талап етеді», — деді Н. Назарбаев.
Президент осыған сәйкес бүгінгі таңда шикізат өндіруші саланың тиімділігін арттыру, шикізаттан басқа саланы дамыту және экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. «30 корпоративтік көшбасшы» жобасы іске қосылды.
«Қазірде Қазақстанның артықшылықтарының қатарына өңір экономикасындағы көшбасшылығын, саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қосады. Қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, біз аймақтық экономика мен Қазақстанның әлемдік шаруашылық байланыстарға тең құқылы қатысуын қамтамасыз ету бағытында тың мақсаттарды алға қойып отырмыз», — деді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті