Қазатомөнеркәсіптің жас мамандарға арналған «Жазғы мектебі» өз жұмысын бастады
Бүгін Алматы маңындағы спорттық ойын-сауық кешендерінің бірінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның жас мамандарға арналған «Жазғы мектебі» өз жұмысын бастады. |
Жыл сайын өтетін дәстүрлі корпоративтік бұл іс-шараны Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны Қазақстанның ядролық университеті осымен жетінші рет ұйымдастырып отыр. Биылғы жазғы мектепте холдингке қарасты 13 кәсіпорыннан болашағынан үміт күттірер 70 шақты жас қызметкері қатысуда. Аталмыш іс-шараның мақсаты: мамандардың біліктілігін арттыру, өз қызметін жетілдіру дағдыларын үйретіп, корпоративті тұтастық рухын қалыптастыру. Бір апталық бұл жиынның оқу бағдарламасы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жас мамандары мен ғалымдарының үздік жобалары» атты инновациялық жобалар байқауының қорытындысы бойынша өтетін дөңгелек үстел мәжілісі өтеді. Екінші бөлімде - қатысушыларының кәсіби ой-өрісін кеңейтетін «Атом энергетикасы және ядролық реакторлар», «Баламалы қуат көздері», «Жаңғырмалы энергетика», «Ұңғымаларды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары: қазіргі ахуал және мәселелерді шешу жолдары» тақырыптары бойынша Қазатомөнеркәсіптің инвестициялық жобалары жөнінде дәрістер оқытылады. Үшінші бөлімде - жас мамандардың коммуникациялар дағдыларын қалыптастыру бойынша тренингтер болады. Ал 18 маусымда жазғы мектептің жабылу рәсімі өтіп, қатысушыларға сертификаттар тапсырылып, ерекше көзге түскен үздік тыңдаушылар марапатталады.
Жалпы, Қазақстанның ядролық университеті бұған дейін мұндай жазғы мектепті 6 рет өткізді. Онда уран саласының 500-ден астам жас мамандары білім алып, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Бұдан бөлек Қазақстанның ядролық университеті жыл сайын Қазатомөнеркәсіптің орта буын менеджерлері үшін қысқы мектепті де өткізіп жүр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін