Қостанайлық шенеуніктер мүгедектер отбасына кезексіз пәтер беруден бас тартты - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қостанайлық  шенеуніктер  мүгедектер отбасына кезексіз пәтер беруден бас тартты

Қостанайлық шенеуніктер мүгедектер отбасына кезексіз пәтер беруден бас тартты

Қостанайда мүгедектер отбасы көммеке зәру. Жақында нәрестелі болған қос жарымжан ескі жатақхананың аядай бөлмесін паналауға мәжбүр. Оның үстіне бөлме іші суық. Ал, қыс болса қыр астында. Сондықтан кембағал жандар қала әкімдігінен баспана сұрап отыр. Ал, ондағылар болса, еш көмек көрсете алмаймыз дейді. Айтуларынша, облыс орталығынан баспана алуға онсыз да 20 мыңнан астам адам кезекте тұр.

  • 21 Қараша 2014
  • 262
Фото - Caravan.kz

Андрей Зелевский бірінші топтағы мүгедек. 12 жыл бұрын жол апатынан кейін көзі көрмей қалған. Бірақ еш моймаған қайсар азамат спортпен шұғылдана бастапты. Қазір параолимпияда ойындарына да қатысып жүр. Көру қабілеті нашар спортшылар арасында жүзу мен жеңіл атлетикадан спорт шебері.

Андрей Зелевский, Бірінші топтағы мүгедек:

-Спорт — бұл өмір ғой. Адамды күйзелістен сақтайды. Сондықтан осында келіп шынығам. Менің бір ғана арманым отбасыммен бірге пәтерге қол жеткізу. Ал қалған қиындықтарға төтеп беруге дайынмын.

Бірақ жарымжанның бұл спорттағы жетістіктері оның өміріне оң әсер етпеді. Себебі, басыбайлы баспанасы жоқ. Жұбайы Светлана Коськоветскаямен осы ескі жатақхананың аядай бөлмесін паналауға мәжбүр. Ол да туғанынан мүгедек. Жақында екеуі нәрестелі болды. Алатын жәрдем ақыларының жартысы пәтерақыны төлеуге кетеді екен.

Светлана  Коськоветская, Екінші топтағы мүгедек:

-Мен дүниеге келгенде дәрігерлер ДЦП диагнозын қойған. Сондықтан жұмыс табу қиын. Біресе алмай қояды, біресе жұмыстан шығарып жібереді. Айтеуір себебін түсіндірмейді. Алдында екі күн жұмыс істеп мың теңге алдым. Сосын бастығым келмей-ақ қой деді.

Жарымжан отбасы амалсыз осы бөлмені жалдап отыр. Оның өзі суық. Екі айлық сәби үшін мұнда тұру өте қауіпті.Сондықтан кембағал жандар қала әкімдігінен баспана сұрап отыр. Бірақ шенеуніктер еш көмек көрсете алмаймыз дейді. Себебі, қалада онсызда пәтер кезегінде тұрғандар жетерлік.


Сақтаған Мұстафин, Қостанай қалалық әкімдігі Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

-Өкінішке орай бұл азаматтарға пәтер бере алмаймыз. Себебі, пәтерге мұқтаж азаматтар онсызда көп. Кезек бойынша барлығына беріледі. Ал, бұл отбасы қалада тіркеуде де жоқ. Сондықтан тіркеуге тұрып, пәтерге кезекке тұрсын.

Қостанай облысында пәтер алу үшін 20 мыңнан астам адам кезекте тұр екен.Ал жыл сайын тек 300 пәтер пайдалануға беріледі. Сондықтан бұл мүгедектер отбасы кезекке тұрған күннің өзінде, 20-30 жылсыз пәтерге қол жеткізе алмасы анық.