ҚР Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді
![]() |
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. ҚазАқпарат осы құжаттың мәтінін таратады. |
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар (бұдан әрі - өзгерістер мен толықтырулар) бекітілсін.
2. Осы Жарлық, 2015 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағының екінші, үшінші абзацтарын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы 30 қараша. № 120
«Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 120 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ
Аталған Жарлық «100 қадам» атты Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде мемлекеттік жоспарлаудың ықшам жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар осы Жарлықпен енгізіледі.
Атап айтқанда: салалық бағдарламаларды алып тастау және үкіметтік бағдарламаларды енгізу; мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды әзірлеу процесіне талаптарды күшейту; мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігі үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігін бекіту; аумақтарды дамыту бағдарламасының форматын өзгерту көзделген.
Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әзірленетін құжаттарының сапасын арттыруға және олардың санын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін