Жарияланды: 760

ҚР қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Алматы облыстық басқармасынан 77 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаржысын жымқыру дерегі әшкереленді

ҚР қаржы министрлігінің қарамағындағы аумақтық қазынашылық мекемелеріне жүргізілген кең көлемді тексеру нәтижесінде Алматы облыстық басқармасынан 77 млн.406,9 мың теңге көлеміндегі бюджет қаржысын жымқыру дерегі әшкереленді.

Бұл туралы бүгін, 18-наурызда Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР қаржы министрінің орынбасары Азамат Ойнаров хабарлады. Оның айтуынша, аталмыш басқарма жұмысын тереңдете тексеру нәтижесінде Ақмола облысына рұқсатсыз қаржы аудару дерегі тағы да әшкереленген. Осы дерек бойынша ҚР қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті 2004-жылдың 19-ақпанында Ақмола облыстық басқармасына тексеру жүргізді. Тексеру барысында басқарманың корреспонденттік есепшоты мен мемлекеттік мекемелердің процедуралық есепшоттарынан рұқсатсыз қаржы аудару деректері анықталды, деді А.Ойнаров. Оның айтуынша, қаржыны рұқсатсыз аудару және оны ұзақ мерзім бойы жасыру - алғашқы және есептік құжаттардың өңін айналдырып көрсету нәтижесінде мүмкін болған. Ақша ҚР Ұлттық банкінен банк операцияларын жүзеге асыруға лицензия алған жеке меншік компаниялар мен ұйымдардың есепшотына аударылып отырған. Заңсыз аударып алынған бюджет қаржысы кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылғаннан кейін Қазынашылық мекеменің есепшотына қайтадан кері қайтарылып отырған, деді вице-министр. Оның айтуынша, қаржыны қайтару мерзімі ҚР Ұлттық банкі мен Қазынашылық мекеменің қызметін тұтынушы мемлекеттік мекемелердің арасындағы есепшоттағы ақша қалдықтарын салыстыру мерзімін ескеру негізінде есептеліп отырған. Қитұрқы операцияларды жасыру үшін мемлекеттік мекемелерге берілетін ақша айналымы туралы күнделікті есеп құжаттары бұрмаланып отырған. Алдын-ала мәлімет бойынша, мұндай заңсыз әрекеттерді Қазынашылық комитетінің Ақмола облыстық басқармасының жекелеген қызметкерлері жүзеге асырған. Олар осындай есепшоттар арқылы жүзеге асырылатын жұмыстарды жауаптанған. А.Ойнаровтың айтуынша, қазір аталмыш әрекетке қатысы бар қызметкерлер жұмыстан босатылды. Олардың әрекетіне қатысты қызмет бабындағы тексерулер жүргізіліп, тексеру құжаттары ҚР экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі Агенттігіне (қаржы полициясы) жіберілді. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан аталмыш Агенттік төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Рустам Ибраимовтың хабарлауынша, "жуырда Алматы облыстық басқармасында да тағы осы тақылеттес қылмыстың беті ашылды". Оның айтуынша, мәселен, 2002-2004-жылдар аралығында аталмыш басқарманың корреспонденттік есепшотынан Жамбыл және Ақмола облысындағы түрлі коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз ақша аудару оқиғалары шыққан. "Аталмыш қаржылық қитұрқылықтарға басқарма басшылығының қатыстылығы тексеріліп жатыр",- деді Р.Ибраимов. А.Ойнаровтың айтуынша, аталмыш деректер "Қазынашылық комитетінің аумақтық органдарындағы мекемеаралық тексерулерге деген көзқарастарды өзгертіп, ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға қолданатын шараларды күшейту нәтижесінде әшкереленді". Қазынашылық комитетінің аумақтық органдарын тексеру жұмыстары одан әрі жалғасуда. "Тексерулердің ақырғы қорытындысы шара аяқталғаннан кейін жария етіледі",- деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін