Жарияланды: 510

ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасымен Алматы облысының Талғар ауданында көшкін салдарынан баспанасыз қалған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешілді

ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасымен Алматы облысының Талғар ауданында көшкін салдарынан баспанасыз қалған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Пәтерлеріне зиян келген алты отбасына, сондай-ақ қайтыс болғандардың туыстары мен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілді. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен отбасыларға жиһаз, төсек-орын, киім-кешек, ыдыс-аяқ, тағы басқа да тұрмыстық заттардан көмек берілді. Сондай-ақ, 11 пәтер алу үшін қажетті құжаттар әзірленіп, келісім-шарт жасалды. 2004 жылдың 19 наурызындағы жағдаймен, Алматы облысының Талғар ауданында көшкін болып өткен жерлерде апаттан құтқару жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау жүйесін тазалау, сумен қамту жүйесі мен көлік жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Талғар қаласындағы орталық аудандық ауруханасына жатқызылған жеті адамның екеуі емделіп шыққан. Қауіпті аймақтан 23 отбасы (91 адам) көшіріліп, "Ақ бұлақ" шипажайына уақытша орналастырылды. Қайтыс болғандарды жерлеу рәсімі ұйымдастырылды. "ТұранӘлемБанкісінде" көшкін салдарынан зардап шеккендерге көмек беру мақсатында арнайы есеп-шот ашылып, қазірдің өзінде 883 мың теңге аударылған, соның ішінде Алматы облыстық және Президент әкімшілігіндегі мемлекеттік қызметшілер бір күндік еңбекақыларын аударып отыр. Табиғаттың тосын мінезінің алдын алу үшін республикалық және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік мамандары таулы өңірлерде тиісті зерттеулер жүргізуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін