Жарияланды: 610

ҚР үкіметі ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі 2004-2010-жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны қабылдады

Бүгін, 1-шілдеде Астанада өткен үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі 2004-2010-жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Астанадан.

"Мұндай күрделі бағдарламаны жасау міндеті - 2004-жылғы ішкі және сыртқы саясаттың басты бағыттары жөніндегі мемлекет басшысының халыққа жолдауында үкіметке берген тапсырмасынан туындайды",- деді ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов. "Бағдарламаның басты мақсаты - ауыл тұрғындарының санын оптимизациялау негізінде ауылдықтар үшін қалыпты тіршілік ахуалын қалыптастыру болып табылады. Бағдарлама жобасын жасау қарсаңында барлық мүдделі министрлік, мекеме және агенттіктер мен аймақ басшыларының қатысуымен ауқымды талдау жұмыстары жүзеге асырылды",- деп мәлімдеді отырыста сөз сөйлеген ҚР үкімет басшысының орынбасары әрі ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімов. Оның айтуынша, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін бағалау әдістемесін таңдауда шетелдік мамандардың , атап айтсақ, Азия даму банкі мамандарының пікірі де ескерілген. "Өндіргіш күштерді орналастырудың қазіргі нақты экономикалық ахуалға сәйкестендірілмеуі қазіргідей тозығы жетіп тасталған, құлдырап қираған елді мекендердің пайда болуына апарып соқты",- деді А.Есімов. Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінде ел бойынша ауылшаруашылығының жалпы өнімі 555 млрд. теңгені құрайды, мұны ауылдың әрбір тұрғынына шаққанда 7,1 мың теңгеден келеді екен. Бұл соманың 57 проценті, немесе 4 мың теңгесі жеке тұтынуға жұмсалады. Ол республика бойынша жан басына шаққандағы орташа кіріс мөлшерінен 2 есе аз. Ауыл тұрғындарының қолайлы тіршілік көзін іздеп қалаларға жосыла көшуінің себебі осыда жатыр деді ауылшаруашылық министрі. Ауылдықтардың жан басына шаққандағы кіріс көлемін ұлғайтып, оны жалпыға ортақ тіршілік қамтамасыздығы стандарттарына сәйкес жоғары деңгейге көтеруді бірнеше жолмен шешуге болады деді министр. Оның айтуынша, бағдарламада бұл тауқыметті шешу амалы ретінде тиімді ішкі көші-қон механизмін қолдана отырып ауыл тұрғындарын экономикалық болашағы бар аймақтарға көшіріп орналастыру арқылы ауыл тұрғындарының санын оңтайландыру жолы таңдап алынған. Бағдарлама екі сатылы жүзеге асырылады. 2003-2006-жылдар аралығындағы бірінші сатыда барлық ауылдық елді мекендерді төлқұжаттандырып арнаулы класстарға бөлу, экономикалық, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту шаралары мен құқықтық негізі жобасын жасап бекіту көзделді. Ал 2007-2010-жылдар аралығындағы екінші сатыда мемлекеттің қатысуымен жоспарланған барлық шараларды жүзеге асыру межеленген. "Сөйтіп ауылшаруашылығы саласындағы басым бағыт нақты айқындалды, бағдарлама мақсаты - ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру болып табылады",- деді жеті жылдық бағдарламаға қатысты өз түсініктемесінде үкімет басшысы Даниал Ахметов. "Алайда , барлық кем-кетік пен жоқ-жітіктің орнын толықтыратын жалғыз жолы осы емес, ең негізгісі - қалыптасқан ахуалды мұқият саралау керек",- деді үкімет басшысы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть