Жарияланды: 470

ҚР үкіметі бесінші парламенттік сессияның қарауына жаңа заң жобаларын ұсынды

Даниал Ахметов басқаратын үкімет бесінші парламенттік сессияның қарауына бірқатар жаңа заң жобаларын ұсынды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Атап айтсақ, үкімет "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңға түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдарға шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру құқығы беріледі. Парламент палатасына сондай-ақ, "Өрт қауіпсіздігі туралы" заңға түзету енгізу туралы ұсыныс енгізілді. ҚР үкіметі өрт сөндірушілер үшін әлеуметтік қорғау тұрғысында ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірдей жағдай жасауды ұсынады. Түзетулер бойынша мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметінің қатардағы жауынгерлері мен басқармалары құрамының құқықтық мәртебесі мен соған сәйкес қызмет ету тәртібінің жобасын жасау ұсынылған. Бүгінде еліміздің өрт сөндірушілерінде мұндай құжат жоқ. Сонымен бірге, мәжіліске санаткерлік меншікке қатысты бірқатар заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы енгізілді. Мұндай заң жобасын жасау Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуге дайындалуына байланысты болмақ. ҚР үкіметі сондай-ақ, Елбасының мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлығына түзету енгізу туралы жоба жасады. Бұл түзетулер туризм саласындағы бірқатар мемлекеттік кәсіпорындардың іс-қызмет аясын кеңейтеді деп күтілуде. Соның нәтижесінде үкімет елімізге келетін жиҺанкездер ағынын молайтпақ ниетте. Парламенттің бекітуіне ұсынылған құжаттар арасында ҚР мен Сауд Арабиясы Корольдығы арасындағы үкіметаралық түсіністік жөніндегі меморандум жобасы бар. Бұл құжат бойынша Алматыда қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жарақталған кардиохирургиялық орталықтың 4 қабатты ғимаратын салу көзделіп отыр. Сауд Арабиясы бұл мақсатқа Қазақстанға қайтарымсыз көмек ретінде 5 млн. доллар бөлмекші. Бесінші парламенттік сессияның қарауына бұдан басқа да бірнеше жаңа заң жобалары ұсынылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін