Жарияланды: 510

ҚР Жоғарғы соты ПетроҚазақстан компаниясының заңсыз тапқан кірісі бойынша өндіріп алынатын қаржы көлемін ұлғайтты

ҚР Жоғарғы сотының алқа мәжілісі ПетроҚазақстан ААҚ-ның заңсыз тапқан кірісі бойынша өндіріп алынатын қаржы көлемін 3 есе ұлғайтты. ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі алқа мәжілісінің осы туралы қаулысын коллегия төрағасы Сансызбек Райымбаев бүгін, 18-наурызда жария етті.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР табиғи монолияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі "ПетроҚазақстан" компаниясының іс-қызметіне жүргізген тексеру нәтижесінде компанияны монополияға қарсы заң талаптарын бұзу арқылы 883 млн. теңгенің заңсыз пайдасын тапты деп айыптап, бұл қаржыны республикалық бюджетке аударуды талап еткен болатын. Ал "ПетроҚазақстан" компаниясы өз кезегінде агенттіктің мұндай шешіміне қарсылық білдіріп, өз әрекетінің заңсыздығын мойындаудан бас тартып, Агенттік шешімінің күшін жою туралы сотқа шағым түсірген. "ПетроҚазақстан" ААҚ-ның шағымын қараған Астана қалалық соты шағым иесінің монополияға қарсы заң талаптарын бұзу дерегіне жол беру дерегін анықтап, 149 322 946 млн. теңгенің монополиялық пайдасын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Ал "ПетроҚазақстан" ААҚ Астана сотының шешіміне қарсылық білдіріп, Жоғарғы сотқа шағым жолдаған. "ПетроҚазақстан" ААҚ-ның ҚР табиғи монолияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің үстінен түсірген шағымын ҚР Жоғарғы соты 2004-жылдың 12-наурызында қарады. Алайда, "тараптар келтірген қосымша құжаттармен танысу қажеттілігіне" байланысты Жоғарғы сот алқасының шешімін шығару 18-наурызға қалдырылған болатын. ҚР Жоғарғы сотының алқа мәжілісінің шешімімен компаниядан өндіріп алынатын қаржы көлемі 499 655 947 теңгеге дейін арттырылды. Астана қалалық соты шешімінің бұдан басқа бөлігін ҚР Жоғарғы соты өзгеріссіз қалдырды. Ал "ПетроҚазақстан" ААҚ заңгерлерінің мәлімдеуінше, олар "өз клиентіне бұл шешімге қарсы халықаралық арбитраждық сотқа шағымдану туралы кеңес береді".

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін