Айт намазынан қалып қою- Жаратқаннан жәрдем сұраған жұртқа жат екенін жатқа біледі жамағат. Алла тағаланың әмірі мен Пайғамбарлар сүннетін орындау — ақыретте Жаратушымыздың сый-сияпатына кенелудің кілті екенін білген ағайын айт намазын оқып болғасын құрбан шалуға кірісті. Ал имамдар ата дінге атүсті қарап, қысастық қылатын кей жандардың қылығына қынжылады.
Нұрбек Есмағанбектов, Алматы қаласының бас имамы:
— Кейбір бауырларымыз бұл мұсылмандар қанды ағызып малды бауыздап жатады деген артық сөздер айтып жатады. Бұл жерде үлкен мән мағына жатыр.Жыл он екі ай құрбандықтың етінен басқа бір түйір етті аңсайтын қаншама мұқтаж адамның барлығы. Біздің қоғамымыздың өзі бай мен кедейден тұрады ғой қазір. Байлар шамасы жеткен адамдар құрбандық шалуға міндетті.
Құрбан сөзі шариғат тілімен тәржімаласа-шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау дегенді білдіреді. Бүгін де құлшылық қылған қараша ұдһия, яки Құрбан айттың алғашқы күніне арналған түліктерін құрбандыққа шалды. Арасында Алматының әкімі де бар. Таңалкеуімдегі тәкпір айтылған айт намазынан кейін сүліктей темір тұлпарымен Алла үйінің қақпасын айқара аштырып келді Ахметжан Есімов. Тік жүретін әкімнің тізесі бүгіліп құлшылығын қылды. Соңғы кезде айғайы мен атысы, шуы менен тартысы тынбай кеткен Алматының бүгінгі ауа райын тілге тиек етті.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
— Бүгінгі күн керемет күн. Алланың өзі бүгін Алматыға қандай ауа райын жіберіп отыр. Сондықтан бүгінгі айтылып жатқан барлық тілектер қабыл болсын!
Биыл Алматы қаласы орталық мешіті уақыты тығыз, болмаса сапарға кеткен жандарға жәрдем жасады. Яки олар өз қаржысын Алла үйіне өткізеді, ал имамдар олар үшін құрбан шалады. Дәл осындай ниетпен бүгін Алматыда 18 ірі қара мен 4 қой құрбандыққа шалынды. Оның еттері көмекке зәру 17 қоғамдық ұйым мен тұрмыс тауқіметін тартқан 200-ден астам отбасыға үлестірілді.
Бибіраба Нағашбайқызы, Түрксіб ауданы көп балалы отбасылар одағының төрайымы:
— Тек ет беру ғана емес, біз кітап, дәптер, киім болса да беріп жатамыз. Көңілін тауып, қолдан келгенше көмектесіп жатамыз.
Құрбан айтта қора-қора мал бағасының батпандап өсіп кететін жағымсыз жайты бар еді. Бұл құбылыс Алматыда болмады, алайда аймақтарда Құдайдың құтты күні құлқынның қамын күйттеп әлек. Мәселен Семейде тоқты-торпақтың бағасы 2-3 есеге бір-ақ шарықтаған.
Мақсат Алтыбай, Семей аймағы бойынша өкіл имам:
— 15 мың теңге тұратын қойын 25-ке бағалау дұрыс емес. Қосқанның өзінде шек болу керек. Құрбан айтта 5-10 теңге артық пайда көрем деген ниеттен жасап жатқан адамдар. Ол өз еріктерінде. Егер иманы болса, қайта жеңілдік жасап, тиімді, базар нарқының бағасымен сатқан абзал болады.
Құрбандыққа ақсақ-тоқсақ, арық-тұрық жандықты сою қателік екенін ескерген ағайынның кейбірі 200 мың теңге болатын өгіздерді де өңгеріп кетуде екен.
Хадж сүресінің 37 аятында “Құрбанның еті де қаны да Аллаға жетпейді, Аллаға жететін сендердің тақуалықтарың ғана” делінген. Міне дәл бүгін Ораза айтынан тура 70 күн өткенде мұсылман қауымы үшін тағы бір ұлық мереке Құрбан айт келіп жетті. Қоралар құрбандыққа шалынатын ірі қара мен ұсақ малға лық толы. Ескерте кетейік, құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі кемінде 1 жаста болуы керек, сиырдың 2 жаста, түйенің 5 жаста болуы шарт. Жалпы Нисап мөлшерінде, яки 85 граммдық алтынға татитын ауқаты бар мұсылманның құрбандық шалуы уәжіп.