Жарияланды: 320

Қырғызстаннан әкелінетін көлік 20 пайызға қымбаттап кетті

Қырғызстаннан әкелінетін көлік қымбаттап жатыр. Әсіресе, айыр қалпақты ағайындармен арадағы кеден жүйесі алынғаннан бері тіптен темір тұлпар құны бірден 20 пайызға өсіп кеткен. Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы құжаттар да әлі бір ізге салынып біткен жоқ. Бірақ Ішкі істер министрлігі 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін Қырғызстанға кіргізілген көліктердің Қазақстанға өтуіне рұқсат етілетінін айтып отыр.

Алматылық Нұрдәулет Нұрәділ Қырғызстаннан көлік алуға ниетті жанның бірі. Екі күн бұрын жігіт көрші елдің нарығын барлап қайтқаны бар. Байқағанындай, Еуразиялық экономикалық одаққа кіргені сол екен, қырғыз ағайындар автомобиль бағасын қымбаттатып жіберіпті.

Нұрдәулет Нұрәділ, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен 2014-тен жоғары шыққан «Тойота камри» көлігін көруге бардым. Өйткені салыстырмалы түрде оның бағасы біздің авто салондармен және базардағы бағадан төмен. 1-2 айдың көлемінде мәселе шешілетін болса, күзде тағы барып келу ойымда бар. Ақшаны сақтап отырмыз сол үшін!

Дегенмен, қазақтар Қырғызстанға ағылып жатқан көрінеді. Әсіресе, оңтүстіктегі жұрт. Әрине, оның себебі де түсінікті-ақ. Бірінші – Ресейге баруға жол алыстық етсе, екінші қанша қымбаттаса да Алатаудың арғы бетінде баға бергі жаққа қарағанда бәрібір  арзан. Сарапшылардың есебінше, 13 тамыздан, яғни қазақ-қырғыз арасындағы кеден жүйесі ортақ болғаннан бастап ондағы темір тұлпар құны 20 пайызға өсіпті. 

Тарас Иваницин, көлік сатушы (Қырғызстан):

- Соңғы апталарда келіп, көлікті көріп кетіп жатқан қазақстандықтар көп. Алып та жатыр. Баға да көңілдерінен шығуда. Өсті дейді, бірақ бізше қымбаттаған жоқ. Бізге ең бастысы алушы келсе болды. Келіссек, бағасын түсіреміз ғой!

Енді белгілі болғанындай, Қырғызстаннан Қазақстанға кірген көліктерге баж салығы салынбағанымен, екі ел арасындағы салық айырмашылығы өтелуі тиіс екен.

Қайрат Маубаев, Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіндегі басқарма басшысы:

 - Қырғызстаннан кіргізілге көліктер егер Қазақстанмен арасындағы салық төлемінің айырмашылығын өтесе, онда Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүруге рұқсат берілген тауар болып саналады. Әзірге басты талап – осы.

Сондай-ақ, Қазақстанға кіререр көліктер 2014 жылдың 1-ші қаңтарына дейін Қырғызстанға жетікізілген болуы шарт.  Әрі техникалық талап та қатайтылған көрінеді.

Юрий Козлов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы:

- Қосымша шарттар ретінде бірнеше техникалық талаптар қаралған. Мәселен, көлік Еуро-4 сандарына сай, сақтандыру жастығы мен қауіпсіздік құрылғылары бар, әрі балаларға арналған белдемшесі болуы тиіс. Егер барлық құжаты жағы дұрыс болса, 3 сағаттың ішінде азаматтың атына рәсімдеп береміз. 

Ескерер тағы бір жайт,  Кеден одағы аясында елге кіргізілген көліктер тек Қазақстан Республикасы азаматының атына бірден тіркелуі тиіс. Яғни, енді екі ел азаматтары арасындағы ұзақ мерзімдік сенімхат жүйесі жоқ. Ал кеден одағына кірмей тұрған кезінде көрші елден кіргізілген сары нөмірлі көліктер бірден осындағы иесінің атаны рәсімделеді екен. 

Айта кетерлігі, Қырғызстан – Еуразиялық экономикалық одаққа бесінші болып кіріп отырған мемлекет. Бұған дейін онда Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения бар еді. Мақсаты - одақтас елдер арасында еркін сауда-экономикалық қарым-қатынас жүргізу. Әрине, ол көлік нарығына да қатысты. Әзірше тауардың бұл түрі бізге Қырғызстан мен Ресейден ғана келіп жатыр.                      

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін