Жарияланды: 490

Қытай Қазақстан экономикасына қомақты қаржы құюға дайын

Қытай Қазақстанға миллиардтаған инвестиция құятын болды. Нұрсұлтан Назарбаев қазір төрт күндік сапармен Бейжіңде жүр. Ресми кездесулер нәтижесінде Қытай еліміздегі бірнеше ірі индустриялық жобаларды қаржыландыруға келісті. Сонымен, Қазақстанда алғаш рет көмір өңдейтін кешен салынбақ. Ал мұнай-газ саласындағы қарым-қатынас әрі қарай жалғасады. Тіпті екі ел енді қос мемлекеттік бағдарлама - «Жібек жолы» мен «Нұрлы жолды» да бірлесіп

жүзеге асырмақшы.

Әлемдік экономикадағы ахуал қиындай түскен кезде Елбасының Бейжіңге сапары кездейсоқ емес. Қазір келісімдерді қайта қарап, жаңа жобаларды бекітетін қолайлы сәт туып тұр. Сондықтан Назарбаев ең алдымен Қытайдағы бірнеше алпауыт корпорациясының басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Алдағы уақытта елімізде көмір өңдейтін зауыт салынбақшы. «Цинхуа» компаниясы қаржыландыратын болды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда  кешенді көмір өңдеуді бірінші болып сіздер жүзеге асырасыздар.  Елде көмірдің қоры мол, бұл біздің энергия саласына да үлкен септігін тигізеді.

Хо Цинхуа, «Цинхуа» корпорациясының басқарма төрағасы:
- Көмір өңдеу зауыты Қарағанды облысында салынады. Оның қаржылық қоры 2-6 млрд доллар болады. Зауыттың құрылысын 2017 жылы бастап, 2020 жылы аяқтаймыз.

Сондай-ақ, Қытайдың «Жібек жолы» қоры біздің «Бәйтерек» холдингіне 3 млрд доллар бөліп, индустриялық бағдарламаларды қаржыландыруға келісті. Қытайлық инвесторлар Алматы облысынан жел энергиясын өндіретін кешен салып, оған да инвестиция құймақ. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан нарығында табысты жұмыс істеп жүрген "CITIC Group"  корпорациясының төрғасымен де кездесті. Чан Чжэнмин сөз арасында Назарбаевқа мақтау айтуды да ұмытқан жоқ. Көңілді басталған кездесудің де нәтижесі жаман емес. Тараптар «Нұрлы жол» аясындағы ірі инвестициялық жобаларды бірге атқаруға келісті.

Чан Чжэнмин, «CITIC» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз бірлескен инфроқұрылымдық қор құратын болып шештік. Ол Қазақстандағы шикізат секторында жұмыс істейді. «Бәйтерек» холдингімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Инвестиция көлемі 600 млн доллар болады.

Инвесторлармен өткен сәтті әрі табысты жүздесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп те үлгерді. Бұның бәрі мемлекет басшысының бір күнде атқарған ісі. Егер Елбасының Қытайда тағы үш күн жүретінін ескерсек, әлі талай мемлекеттік маңызды құжаттардың қабылданатыны сөзсіз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін