Қызылордада «Тілдарын-2012» республикалық олимпиадасы басталады
Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту және «Тілдердің үштұғырлығы» жобасын іске асыру мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Тілдарын-2012» республикалық олимпиадасын өткізбек, деп хабарлады министрліктің Баспасөз қызметі. |
Байқауға еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың 15 жеңімпазы қатысып, өз білімдерін ортаға салады.
Олимпиаданың міндетті шарты - алдыңғы деңгейден (кезеңнен) өткен қатысушы ғана келесі деңгейге қатыса алады.
Олимпиаданың республикалық туры келесі аталымдар бойынша өткізіледі:
- Берілген тақырыпқа сай «тұсаукесер» (презентация), тақырып бойынша эссе жазу, мәтінге ілеспе аударма жасау.
Олимпиадаға қатысушылар үш кезеңнен өтуге тиіс:
Бірінші кезең - қазақ тілін білу;
Екінші кезең - ағылшын тілін білу;
Үшінші кезең - орыс тілін білу.
Талапкерлердің өнерін қазылар алқасы бағалайды.
Шараның негізгі мақсаты: үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген таланттарды тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен, алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін