Құрылтайды өз жерінде өткізу мәртебесі биыл Сорокин ауданы қазақтарының еншісіне бұйырыпты. Былтырғы шарада олар өз өнерлерімен бірінші орынды жеңіп алған.
Ресейдің Түмен облысына қазақтар өткен ғасырдың отызыншы жылдары өре көшкен. Содан бері Сібір жерін олар екінші отаны санайды. Негізгі кәсіптері мал шаруашылығы болғандықтан, жастар жағы осы мамандықты таңдайды.
Меруерт Ахметова, Сорокин ауданы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының төрайымы:
-Қазақ балалары агроном мамандығын, инженер мамандықтарын алып жатыр.Бұрынғыдай халқымыз ауыл шаруашылығымен айналысады сондай жақсы-жақсы ауыл шаруашылығы бар.
Құрылтайды Түмен қазақтары жәй жиын емес, той ретінде өткізеді. Ұлттық киім киіп, киіз үйде ас беріледі. Қазақ әндері шырқалып, боз кілемде балуандар белдеседі. Қыз қуып, ат жарыстырады.
Болат Ахметов, Түмен облысының тұрғыны:
-Өсіп келе жатқан азаматтар осындай тойды көреді. Киім қандай қазақтар киетін киім, дәстүрін бәрін, асханасын, ішкен тамағын сосын біттей кезінін есінде болып, қазақ баласы екендігін біліп, жаттап, өскен кезінде бәрін солай істейтін болады, ұмытпайтын болады.
Биылғы құрылтайға Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы да қатысты. Ресейлік қазақтар олардан отанында болып жатқан өзгерістерді естіп, жаңа әндерді тыңдады.
Кәрібай Мұсырман, СҚО «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:
-Олар сыртта жүрсе де, өздерінің ұлттық дәстүрін ана тілін ұмытқылары келмейді. Сондықтан құрылтай өткізіп отыр. Өздерінің өнерге, қазақ тіліне деген құлшынысын көрсетіп отыр. Біз соған қуаныштымыз.
Осыдан тура он жыл бұрын Ресей жерін бір миллионға жуық қазақ мекендеген екен. Олардың 300 мыңдайы елге қоныс аударған.