Жарияланды: 1200

Республикалық салалық туынды металлургия қауымдастығы түсті және металл қалдықтары саласындағы шағын және орта бизнес субьектілерінің жұмысына қатысты үкімет қаулысына наразылық білдірді

Республикалық салалық туынды металлургия қауымдастығы мен Қазақстан кәсіпкерлерінің қауымдастығы түсті және металл қалдықтары саласындағы шағын және орта бизнес субьектілерінің жұмысына қатысты №1294-ші үкімет қаулысына наразы. Бұл туралы бүгін, 18-наурызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Республикалық салалық туынды металлургия қауымдастығының (РСТМҚ) президенті Владимир Лик мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

В.Ликтің айтуынша, "бұл қаулының көмегімен үкімет бізге қандай жабдықтар, қандай тетіктер, қандай айналым құралдарын пайдалану қажеттігі туралы жоғарыдан жарлық түсіріп, үстемдік көрсетпекші". Қауымдастық төрағасының пікірінше, "мұны мемлекеттік мекемелердің шаруашылыққа тікелей араласуы деуге болады. Сондай-ақ, бұл қаулы Азаматтық Кодекс және Лицензиялау туралы және басқа да заңнамалық құжаттарға қайшы". Сондай-ақ, В.Ликтің айтуынша, қаулыда қысқа мерзімді активтерді есептеуде кәсіпорынның құрал-жабдық, материалдық база мен техника сатып алуға жұмсаған негізгі құралдарын есепке алмау туралы норма қарастырылған. Мәселен, В.Ликтің айтуынша, №1294 қаулының 17 пунктінде кәсіпорынға 80 000 ең төменгі есептік көрсеткіштен кем емес мөлшерде аудиторлық тексеру арқылы дәлелденген қысқа мерзімді активтер ұстау міндеттелген. Бұл шамамен 73 млн. теңгеге немесе 525 мың долларға тең. Егер кәсіпорынның есепшотында мұндай қаржы жоқ болса, ол "рыноктан ысырылуы тиіс". "Басқаша айтқанда, қысқа мерзімді активтер мөлшері жоғарыдағы көрсеткіштен артып кеткен кәсіпорындар өздерінің технологиялық жабдықтарынан бас тартуы тиіс. Ал бұл бухгалтерлік есеп туралы заңға қайшы",- деді В.Лик. Сонымен бірге, үкімет қаулысына сәйкес, "кәсіпорын технологиялық тұрғыда әбден ескірген әлдебір жабдықты пайдалану үшін бірнеше лицензия алуы тиіс. Ол үшін 400 беттен астам құжат жинауға тура келеді. Бізге мұндай лицензия мен мұндай жабдықтың қажеті жоқ. Тіпті металл тасымалдайтын көлік түрі де нақты көрсетілген. Қаулы бойынша, металды Ресейде өндірілген КамАз-дан басқа көлікпен тасуға болмайды". Орталық Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Талғат Доскеновтың айтуынша, "қазіргі жағдаймен бұл қаулы бұған дейін таратылған лицензиялардың күшін жойды. Кәсіпкерлер оларды мемлекетке қайтаруы тиіс. Үкімет сол арқылы экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі орынсыз дүниені күшпен таңады". "Қазақстан рыногында монополия үстемдік құра бастады. Бұл қаулы шағын және орта бизнесті банкроттыққа ұшыратқалы отыр",- деді Т.Доскенов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін