Сәрсенбіде Грузияның Бас прокуратурасынан хабарлағандай, М.Саакашвили Мемлекеттік қорғау қорлары арқылы жеке басының қажеттілігі және отбасы үшін елеулі қаржы жұмсаған.
Прокуратура экс-президент 8,8 миллион лариді (6 миллион доллар шамасы) заңсыз жұмсады, деп санайды. Оның ішінде қонақ үйді жалға алу, массаж, кәделік сыйлық алу, тағам өнімдері және басқалары.
Мәселен, испан аспазшысы мен жеке дизайнер үшін бюджеттен 300 мың лари төленген (180 мың доллар), М.Саакашвилидің арықтау процедурасына бюджеттен 113 мың доллар жұмсалған. Ұшақты жалға алу үшін экс-президент 500 мың лари жұмсаған (шамамен 300 мың доллар).
Ақшаның жұмсалуы құпиясын қамтамасыз еткен Президент күзеті қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Джанашияға да айып тағылып отыр.
Сот кінәлі деп таныса, экс-президент 7-9 жыл түрмеде отыруға тиіс.
М.Саакашвили елден тыс жерде, Грузияға қайтпақ ниеті жоқ, өзіне қатысты айыптауларды саяси қуғындау деп санап отыр.