Сайлауға қатысуға келіскен Назарбаевқа танымал ақын жыр арнады - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+15 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сайлауға қатысуға келіскен Назарбаевқа танымал ақын  жыр арнады

Сайлауға қатысуға келіскен Назарбаевқа танымал ақын жыр арнады

Нұрсұлтан Назарбаев президент  сайлауына қатысуға келісті. Бірнеше күн бұрын Елбасы, жоспарының мүлдем басқа болуына байланысты саяси додаға қатысу-қатыспауды әлі шешпегенін мәлімдеген болатын. Алайда, бүгін билік партиясы «Нұр Отан» 16-шы құрылтайын өткізіп, 26 сәуірде өтетін сайлауға бірауыздан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Бұдан бас тартпаған Елбасы сайлауалды бағдарламасын да жариялап жіберді. Алға қойылған жоспар да, міндет те көп.

  • 12 Наурыз 2015
  • 292
Фото - Caravan.kz

«Нұр Отанның» жер-жерден жеткен мыңнан астам жақтастары таң ата көшбасшыларының портреті ілінген Тәуелсіздік сарайына ағылды. Асығыс үсігіс төсбелгілерін тағып жанталасып жатыр. Орындыққа да мәртебесіне сай жайғасады. Әрине, саяси элитаның белді мүшелеріне орын төрден бұйырған. Өзін көп күттірмеген Нұрсұлтан Назарбаевтан бүгін   сайлауға қатысуын өтініп тұрып сұрағандар көп. Бірақ сөз сөйлеген әкім, академик, кәсіпкер, ұстаздардың арасынан ақындар ерекше арқаланып кетті.

Бекарыс Шойбеков, ақын:

-Қолдаңыз ұлтыңызды, қорғаштаңыз

Қаншама асулардан адастырмай,

Аман-сау алып өткен марқасқасыз.

Тағдырын жұрт сізге тапсырып тұр,

Тәуекел, тағы да бір жол бастаңыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бекарыс айтыс ақыны ғой. Бірақ сенімен бүгін айтысатын ешкім жоқ.

Тағатсыздана күтіп отырған партияластарының шыдамын тауысқысы келмеген Елбасы сайлауға қатысты шешімін көпке созған жоқ. Жақтастары саяси науқанға қатысуға үміткер ретінде ұсынған соң одан бас тартпады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-«Нұр Отан» партиясының атынан президенттікке кандидат болатынымды мәлімдеймін. Баяғыдай жас емеспіз анау-мынау дейтін. Дегенмен сіздердің берген қуаттарыңызбен, Алланың берген қуатымен талай жұмыс істейміз.

Дәл осы жерде мемлекет басшысы 5 бағыттан тұратын сайлауалды бағдарламасын жариялап жіберді. Алдымен жұмысқа қабілетті, экономикалық реформалары сапалы іске асыратын, шешімді өздері қабылдай алатын кәсіби мемлекетттік аппарат құру. Керек болса, президент   шенеуніктерге бонус пен сыйақы төлеуді ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бір әкім, министр өзгерсе,артынан шапқылап бірге жақынын, досын, туысын алып келеді. Сосын сөзін өткізе алмай қор боп жүреді. Соңында жемқорлық өзін құртады. Біз көріп отырмыз. Олай болмауы керек.

Одан кейін әділ сот, полицияның ашықтығы. Заңның байға да кедейге ортақ болуы шарт. Осы жерде президент тәртіп сақшыларының ереже бұзған әкім мен министрлерге айыппұл салуға қорқатындарын бетіне басты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазір тұрғындар жол полицейлерінің әкімге,  министрге  көшедн ұстап алып айыппұл салатынына сенбейді.Мен Ішкі Істер минитсрі туралы айтып тұрғаным жоқ. Оны көрсе қашатын шығар.

Назарбаев атаған бес реформаға экономиканы индустрияландыру, ұлтаралық келісімді сақтау, ашық либералды мемлекет құру да кіреді. Бұл шаруалардың жүзеге асуын бақылау үшін ұлттық комиссия құрылмақ. Бюджетті бөлген кезде жергілікті тұрғындар да белсене атсалысуы қажет. Халықтан жасыратын ештеңе жоқ деген мемлекет басшысы мұндай жүйені әсіресе облыс, аудандарда қолға алу керектігін айтты. Президент бүгін тіл мәселесіне де тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

-Мен мына жерде бекер отырғаным жоқ. Барлығын көріп біліп отырмын. Қазірдің өзінде айтатын ағайындар бар ғой. Қазақтың тілін жақсы көрсең, неменеге мына жерде орысша сайрап отырсың деп. Мен екі тілде сөйлейтін Елбасының бірен саранымын. Түркияда олай сөйлей алмайды. Себебі халқының 100 пайызы  түрік. 98 пайызы  өзбектер. Қырғыз да, Ресей де солай. Қазір 25 ұлттың өкілі отыр. Оларға не болсаң, сол бол деп сөйлей берсең қалай болады?

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы ауқымды. Әрі ол  еліміздегі барлық саланы қамтып оны қолдауға негізделген. Бүгін «Нұр Отанның » атынан ұсынылған кандидаттың бұған дейінгі додада ешқашан  жеңіліп көрмегенін ескерсек, оның қарсыластарына ешқандай үміт жоқ екенін жұрт жалпы сезіп отыр. Десек те, Нұрсұлтан Назарбаевпен 3-4 адам бәсекелес болуы мүмкін. Тек олардың, 1 пайыз дауыс жинауы да неғайбыл.