Қала полициясы жаңа талаптарды бұзған самокаттарды анықтап, арнайы айып тұрағына жөнелтіп жатыр. Қазір онда түрлі кикшеринг компанияларына тиесілі 9 мыңнан астам электросамокат тұр, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Электросамокаттарға қандай талап енгізілді?
Қазақстанда электросамокаттарды пайдалануға қатысты заңнамаға 1 шілдеден бастап өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар самокат пайдаланушыларға ғана емес, оларды жалға беретін кикшеринг компанияларына да қатысты.
Полицияның мәліметінше, жалға берілетін электросамокаттар:
- техникалық жарамды болуы;
- сәйкестендіретін тіркеу нөмірі болуы;
- жүргізуші куәлігі бар адамға ғана қолжетімді болуы тиіс.
Сонымен қатар кикшеринг компаниялары кәмелетке толмағандардың электросамокат жалға алуына жол бермеуі керек.
«Қазір айып тұрағында түрлі кикшеринг компанияларына тиесілі 9 мыңнан астам электросамокат тұр. Қаладағы жол-көлік жағдайына және жалпы апаттылыққа әсер ететін заң бұзушылықтар анықталып жатыр», – деді Салтанат Әзірбек.
Тротуарда самокат тебуге болмайды
25 тамыздан бастап Қазақстанда электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынды.
Полиция электросамокатты толыққанды көлік құралы ретінде қарастыру қажет екенін ескертеді. Сондықтан оны басқарған адам жол қозғалысы талаптарын сақтауы тиіс.
Электросамокатпен:
- велосипед жолымен;
- немесе жолдың оң жақ шетімен жүруге болады.
Ал қараңғы уақытта самокат пайдаланушысы жарық шағылыстыратын элементтерді қолдануы қажет.
Полиция өкілінің айтуынша, мұндай талаптың басты мақсаты – жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Тротуарда электросамокатпен жүруге тыйым салынған. Бұл – дұрыс талап, себебі жаяу жүргіншілер жүретін жерде адам өзін қауіпсіз сезінуі керек. Самокат пайдаланушылары велосипед жолымен немесе жолдың оң жақ шетімен қозғала алады», – деді Салтанат Әзірбек.
Ереженің сақталуын кикшеринг компаниялары да бақылайды
Жаңа тәртіп бойынша бақылау тек полицияға жүктелмейді. Кикшеринг компанияларының өздері де жалға берілетін самокаттардың белгіленген талаптарға сай қолданылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Мысалы, самокатпен жүруге болмайтын аймаққа кірген жағдайда, жүйе оның жылдамдығын автоматты түрде төмендетіп, қозғалысын тоқтата алады.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ адамға самокатты жалға алуға мүмкіндік берілмейді.
Неліктен 9 мыңнан астам самокат алынды?
Полицияның мәліметінше, айып тұрағына қойылған самокаттардың саны жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің анықталуымен байланысты.
Салтанат Әзірбек электросамокатты қауіптілігі жоғары көлік құралы ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, дұрыс пайдаланылмаған жағдайда самокат жүргізушінің өзіне ғана емес, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіруі мүмкін.
«Самокат – толыққанды көлік құралы және қауіптілігі жоғары көлік құралы болып саналады. Өкінішке қарай, ол жол қозғалысына қатысушылар мен жаяу жүргіншілерге нақты қауіп төндіруі мүмкін», – деді полиция өкілі.
Жаңа талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Осылайша, Алматыда электросамокаттарды пайдалану бұрынғыдай еркін тәртіпте жүзеге аспайды. Пайдаланушылар да, кикшеринг компаниялары да жаңа талаптарды сақтауы керек. Ал полиция олардың орындалуын бақылауды жалғастырады.
Оқи отырыңыз: Самокатпен қай жерде жүруге болады? 25 тамыздан бастап жаңа ережелер күшіне енді