Жарияланды: 660

Сауда-саттыққа тосқауылды азайту мақсатымен Қазақстан халықаралық тауар тасымалының тарифін 20 процент төмендетуге дайын

Халықаралық тасымал саласындағы тарифтік ауыртпалықты азайту мақсатымен Қазақстан ашық теңізге шыға алмайтын көршілес мемлекеттер үшін халықаралық тауар тасымалының тарифін 20 процент төмендетуге дайын. Сондай-ақ, Қазақстан тиісті рентабельділік деңгейі сақталған жағдайда жекелеген жүк түрлері ( аталмыш елдерге тән болып келетін мақта, астық тәрізді) бойынша, және халықаралық бағыттағы контейнерлер үшін арнаулы ставкаларды келісуге әзір. Бұл

туралы бүгін, 28-тамызда Алматыда басталған транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық мәселесіне арналған халықаралық конференцияда ҚР көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағманов хабарлады. Қ.Нағманов , Қазақстан басшылығы аймақтық интеграцияны күшейту - көлік тауқыметін шешудегі басты құрал, экономикалық оқшаулануды жеңіп шығудағы негізгі сара жол екенін түсінеді деп атап көрсетті. Бұл орайда интеграция тек қағаз бетінде қалмай, аймақтағы нақты қиындықтарды шешуге іс жүзінде септігін тигізуі тиіс. Осы мақсатпен министр Қазақстан басшылығы тарапынан әзірлік танытылып отырған бірнеше қадамды атады. Атап айтсақ, Орталық Азиядағы интеграцияны нығайту үшін қаржыландыру мәселесімен айналысатын халықаралық мекемелердің қолдауымен халықаралық су-энергетикалық, транспорттық және азық-түлік консорциумдарын құру ұсынылды. Ұлы жібек жолы аясындағы тауар айналымының тиімділігін арттыру үшін Қазақстан ел аумағындағы тасымалдарды паритет негізінде бірлесіп басқару мәселесін қарауға әзір. Мұндай басқару біртұтас мультиұлттық оператор көмегімен жүзеге асырылуы тиіс ,- деді Қ.Нағманов. "Халықаралық тасымалды ақпараттық қолдау тұрғысында біз Қазақстан аумағындағы көлік дәліздерін дамыту және мәліметтер жинағын жасау үшін ТРАСЕКА және ТАСИС жобаларының оңды тәжірибесін қолдануды ұсынамыз",- деді Қ.Нағманов. Мәліметтер жинағында құқықтық және техникалық сипаттағы ақпараттар сақталады. Соның арқасында ұлттық көлік әкімшіліктеріне өз іс-қызметін мейлінше нақты үйлестіруге мүмкіндік берілумен бірге, мультимодальдық операторлар мен тасымалдаушыларды толық көлемде ақпаратпен қамтамасыз етуге тиіс. Болашақта құжат айналымын қағазсыз негізге көшіру, Орталық Азия аймағында халықаралық сауда-саттық пен логистиканы дамыту мүмкіндіктері бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть