Қазір дәрігерлер де,тәртіп сақшылары да тығырыққа тірелгендей. Науқас өткен жылдың қазан айында Ертіс жағалауында қол аяғы сал болып, есінен айырылып жатқан жерінен табылған. Тоғыз ай өтсе де,әлі сөйлей алмайды. Тығырыққа тірелген іске енді көріпкелдер араласпақ. «Елу адам танымаған азаматтың кім екенін мүмкін солар айта алатын шығар» -дейді дәрігерлер.
Алтынай Ербатырова,көріпкел:
— Желкесінен ұрған сияқты, осы кісі бірдемеден қорқып, қашып жүрген сияқты…
Дәрігерлер оның қаңғыбасқа ұқсамайтынын айтады. Мұны көріпкел де сезіп отыр. Айтуынша,науқастың есімі — Болат, жасы — 61-де және оның жанұясы бар. Ал өзен жағалауында ол басына ауыр соққы алғаннан кейін құлап қалған. Мұнымен қоса көріпкел оның туыстарын қайдан іздеу керектігін де айтты.
Алтынай Ербатырова, көріпкел:
— Бірінші…. Үшарал деп естілді, мүмкін сол жерде туысқандары бар шығар, бір хабар келетін шығар…
«Ал туыстары бес айдың ішінде табылуы мүмкін» — дейді көріпкел. Мұндай хабар, әрине, үмітін үзген дәрігерлерді қуантпай қоймады.
Светлана Мұхметсадықова, Семейдегі Қызыл жарты ай ауруханасының мейірбикесі:
— Міне, тоғыз ай болды, осы жерде жатқанына, осы хабарды көргеннен кейін бір туысы табылатын шығар.
Дәрігерлер: «Тіпті болмағанда науқастың кім екенін анықтасақ, туыстары табылмаса, құжаттарын жасап берер едік» — дейді. Ал құжатсыз оны тіпті қарттар үйіне де қабылдамаған.