Жарияланды: 800

Семей өңірінде аяғы ауыр әрбір 100 әйелдің 10-ының ғана дені сау - қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Семей өңірінде аяғы ауыр әрбір 100 әйелдің 10-ының ғана дені сау. Мұндай мәліметті қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы Асылжан Хабижанова жария етті.

Оның айтуынша, босанған әйелдердің 60 проценті темір жетімсіздігіне байланысты анемияға, 27-29 проценті гистоз дертіне шалдыққан. Ал гистоздың асқынған түрі ана мен баланың қай-қайсысының да өліміне апарып соғатыны белгілі. Аяғы ауыр әйелдердің арасында гипертония, гипотония және жүрек ақауы тәрізді аурулар жиі кездеседі. Сондай-ақ, әйелдердің құрт ауруы және пиелонефрит дертіне шалдығу көріністері де ұлғайды. А.Хабижанованың айтуынша, аяғы ауыр кезінде ауыр патологияға душар болған әйелдердің басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Осыған байланысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы Семейлік және қалаға таяу жатқан ауылдарда жұмыс істейтін гинекологтар алдына әйелдер ағзасындағы босанған кезде қиындық тудыратын ауру-сырқаттарды ерте бастан анықтау туралы міндет қойды. А.Хабижанованың мәліметіне жүгінсек, қала маңындағы ауылдарда жұмыс істейтін отбасылық амбулаториялардың небәрі үшеуінде ғана дәрігер-гинеколог жұмыс істесе, екеуінде тіпті акушерка да жоқ. Ал отбасылық дәрігерлер амбулаторияларының бірде- бірі арнаулы көлікпен қамтамасыз етілмеген. Екі ауылда отбасылық амбулаторияларда телефон байланысы жолға қойылмаған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть