Жарияланды: 380

Семейде мемлекеттік бағдарламамен берілген үй құлағалы тұр

Семейде мемлекеттік бағдарламамен пәтерге қол жеткізген жұрт үй қирандысының астында қаламыз ба деген үрейде отыр. Тоғыз қабатты баспананың қолданысқа берілгеніне небәрі бір жыл болса да, сапасы сын көтермейді. Қабырғалары шытынап, балкондарының алды құлап та қалған. Жергілікті биліктен күдерін үзген тұрғындар кем-кетіктерін өздері жамап әлек.

-Міне, мына жердің барлығы жарылып жатыр. Ай сайын мынаны жағып, бітеп отырамыз.

Бұл тоғыз қабатты тұрғынүйдің жыры атан түйеге жүк болатындай. Құрылысшылардың жіберген өрескел қателігі сырт көзге де анық байқалады. Қаланған кірпіштері бір-бірімен дұрыс қиылыспағандықтан қабырғалары қаусап тұр. Ішкі жөндеуі де жырымдалып қалған. Сылағы сыпырылып, кафельдері құлап жатыр.

Тілек Мырзалин, Семей қаласының тұрғыны:

-Бір айдан кейін сылақтары түсе бастады. Плиткалары құлады. Барып құрылыс компаниясына айттық. Олар былтыр келіп көріп кетті. Барлығын қатырамыз деді де, жоқ болды. Терезеледің барлығынан жел үрлеп тұрады.

Ирина Завьялова, Семей қаласының тұрғыны:

-Барлық үйдің қабырғалары шытынап кеткен. Пәтерлердің бұрыштарында саңылау пайда болды. Ал балконға шығу қауіпті. Дұрыс қаланбаған.

Су жаңа тұрғынүй деп айтуға аузың бармайтын нысанға ел былтыр қоныстанды. Тұрғындардың дені – көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетімдер үйінің түлектері. Олар талай мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, шенеуніктер құрғақ уәдеге тойдырды дейді. Тіпті ел мертігіп жатса да, міз бақпай отырғандары шымбайларына батқан.

-Мұнда лифті де жиі істен шығады. Оның есігі бірде ашылса, бірде ашылмай қалатын көрінеді. Соның салдарынан апталдай азамат 8-ші қабаттан, 3 қабатқа құлап зардап шеккен. Енді лифтінің істен шыққаны жөнінде таңба іліп қойған.

Ал осы жеделсатыдан құлап кеткен 30 жастағы жігіт аяқ-қолы сынып, ауруханаға жеткізілген. Оның жан дауысын естіп, көрші-қолаң көмекке келгенімен лифтінің есігін аша алмапты. Сондықтан құтқарушыларды шақыртқан.

Мемлекеттің қап-қап қаражатын желге ұшырған жергілікті биліктен сұхбат беретін шенеунік табылмады. Олар сапасыз жүргізілген құрылысты қабылдап алғанымен, түсініктеме беруге қымсынған сияқты. Ал жандарын шүберекке түйіп отырған тұрғындар көзбояушылық жасағандарды жауапқа тарту үшін прокуратураға шағым түсірмек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін