Коммуналшылардың шалағайлығы сырт көзге оттай басылады. Бұл олардың бір апта бұрын ғана жөндеген жері. Жылу құбырының беті ашық, суы тамшылап буы көкке ұшып тұр. Ал бүрсең қаққан жұрт мұны жылуға жыл сайын бөлінетін қаражаттың талан-таражға түсуінің көрінісі дейді. Себебі, олар ел қазынасынан 5 жыл бойы берілген қап-қап қаражатты есептеп те қойған екен.
Сағынтай Рахманов, Семей қаласының тұрғыны:
-Ойлаймыз қайда кетеді, бұл ақша? Тіпті, 38 млрд. теңгені меніңше, қазандық ішіне жақса да қаланы жылытады ғой. Бірнеше вагон ақша емес пе өзі?
Айта кетейік, бұл Цементшілер кенті талай жылдан бері жылуға жарымай келеді. Қаланы басқарған 12 әкімнің біреуі де бұл мәселені шеше алмапты.
Әсет Омарбекұлы, Семей қаласының тұрғыны:
-Жылу дегенді елден сұрамайды. Ешқайсысы келмейді де. Халықты тақтарында отырып алып алдайды. Ендігі, жылы жасаймыз деп. Бірақ ол әкім келер жылы ауысып кетіп, орнында болмайды.
Мұндағы жылу жүйелерінде апат та жиілеп кеткен. Коммуналшылар жаңа құбыр тартудың орнына ескіні жамап-жасқап әлек. Ал онысы бір аптаға жетпей істен шығады. Қыс қамын тықыр таяғанда ойлап, жер қазатын әкімдік басты құбырларды да орап үлгермепті.
Төлеубек Мағжанов, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
-Көбінесе бір-екі рет қазандық тоқтап қалды.Содан кейін мына құбырлар жарылды. Сонымен қатар үлкен қазандық жөнделуде. Қазіргі таңда үш қазандық қана жұмыс істеп тұр. Ал оның қуаты жетпейді.
Әдеттегідей тұрғындардың айтқанын шенеуніктер жоққа шығарып жатыр. Айтуларынша, арыз түскен бойда үйлерді аралап көріпті. Іштегі температура 19 градустан асып тұрғандықтан қалыпты жағдайда дейді олар.
Жексенғазы Қалдыбаев, Семей қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
-Олардың үйлерінде ешқандай жылу өлшейтін құрылғы жоқ. Біз өзімізбен апарып өлшедік. Олар жылу түсіп кетті дейді. Алайда, үш үйдікі де қалыпты жағдайда.
-Коммуналдық салаға жауаптылар әзірге жұмыс атқарып тұрған қосалқы 3 қазандық пәтерлерді қайнатып жібермесе де, жылумен қамтуға қауқарлы деп отыр. Ал басты жылу қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бірақ, оның не себепті істен шығып тұрғаны жұмбақ. Енді бұл іске прокуратура араласып тексеріс бастады.