Жарияланды: 420

Сенат Ауғанстанға әскер жіберу жөніндегі НАТО мен Қазақстан арасындағы келісімді бекітпей тастады

Сенат Ауғанстанға әскер жіберу жөніндегі НАТО мен Қазақстан арасындағы келісімді бекітпей тастады. Құжат өткен айда Мәжілісте мақүлданған болатын. Оған сәйкес, төрт  қазақ офицері ауған жеріндегі бітімгерлік күштері қатарында 6 ай қызмет етуі керек-тін. Бірақ Жоғарғы палата депутаттары мұны “тарихи қателікті қайталаумен тең” деп, келісімге бірауыздан қарсы шықты.

Қазақ әскерінің Ауғанстандағы бітімгерлік күштері қатарына қосылуын сұрап, НАТО-ның Астанаға қолқа салып жүргеніне 10 жылға таяды. Осы уақытқа дейін біздің тарап бұған ыңғай танытпай келген. Бірақ өткен айда Мәжіліс у-шусыз Альянспен арадағы келісімді мақұлдап жіберді. Сол-ақ екен, Төменгі палатадан өткен құжат бірден халықаралық тақырыпқа айналды. Тіпті, тәлібтер арнайы мәлімдеме жасап, Ауғанстанға әскер жібергеннің арты жақсылыққа апармайтынын айтты. Атышулы құжатты бүгін Қорғаныс министрінің орынбасары Сенаттың талқысына алып келді.

Әсет Құрманғалиев,ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Дер кезінде Ауғанстандағы жағдайдан ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ол елге қандай гуманитарлық көмек жіберу қажеттігін немесе әлеуметтік қандай маман қажеттігін білуге жағдай жасайды.

Вице-министр  аталмыш құжатқа келісім бергеннен Қазақстанға ешқандай қауіп-қатер төнбейтінін, әскерилеріміз тек НАТО-ның штаб жұмыстарына қатысатынын айтады. Алайда депутат Светлана Жалмағамбетова Ауғанстанға әскер жіберу «тарихи қателікті қайталаумен тең»деп есептейді.  Светлана Жалмағамбетова, Сенат депутаты:

- Біз бұл жағдайды басымыздан өткергенбіз. Кеңес Одағы көп жылдар Ауғанстанмен соғысқан. Біздің әскерилер болды. Әлі күнге дейін сол кезде жарақат алғандарға қажетті деңгейде көмек көрсете алмай отырмыз. Сондықтан тағы да соған барудың қажеті жоқ.

Ал генерал-депутат Мұхтар Алтынбаев бұл мәселе бойынша әскери адам ретінде емес, саясаткер ретінде дауыс бергенін айтады.

Мұхтар Алтынбаев, Сенат депутаты:

- Әскери ретінде офицерлерді, жауынгерлерді емес, жіберуге болар еді. Бір жағынан тәжірибе, екінші жағынан штаб жоспарларына қатысады. Сондықтан мен маман ретінде қолдаған да болар едім. Енді саясаткер, Қазақстан азаматы ретінде осындай шешімге келіп отырмын.   

Қорғаныс министрлігінің өкілі бұл жерде әңгіме Ауғанстанға елімізден мол жасақ емес, бар-жоғы 4 адамның ғана жіберілетіні жөнінде екенін айтады. Алайда депутаттар басты құжатта офицерлердің саны туралы ешқандай мәлімет жоқ, тек «әскери контингент»деп жазылған деп отыр.

Сенат бейбіт миссияны ғана қолдамақ, яғни  гуманитарлық көмек, ауған азаматтарын елімізді тегін оқыту сияқты.   

Осылайша сенаторлар құжатты қабылдамай тастап, Парламент регламенті бойынша Мәжіліске қайтарды. Депутатар бұл мәселені «жан-жақты пысықтау қажет»деп есептейді. Егер Төменгі палата Сенатпен келіспесе, Ауғанстанға әскер жіберуге қатысты келісім қос палатаның біріккен отырысында талқыға салынатын болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін