Жарияланды: 520

Шахтерлердің кәсіби мерекесі 68-ші жыл қатарынан тойлануда

Бүгін елімізде кеншілерге құрмет көрсетіліп жатыр. Шахтерлердің кәсіби мерекесі осымен 68-ші жыл қатарынан тойлануда. Мерекелік шараларда «Кенші даңқы» төсбелгілері табысталады. Құрметті белгі үш дәрежеден тұрады және ол ерен еңбек үшін беріледі. Ал жер астындағы еңбек әрдайым ауыр және қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

Арқа даласындағы алғашқы кеніш19-шы ғасырдың орта шенінде пайда болды. Оларға орыс көпестері мен ағылшын бизнесмендері иелік еткен. Жаппай көмір өндіру науқаны 1930 жылдардан басталды.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында арқа төсіндегі көмір өндірісі одақ көлеміндегі алпауытқа айналды. Қарағандының айналасында 50 шахта жұмыс істеді. Көмір өндірісіндегі негізгі құрал ауыр балға болса, таптырмас көмекшісі жылқы еді.

Михаил Сарафанов,  «Кенші даңқы» белгісінің кавалері: 

- Мынадай қызықты жайттар болатын. Сенбі, жексенбі күндері аттарды жайылымға шығаратынбыз. Сол күндері шахтаның да жұмысы тұралап қалатын. Жарықтық жылқы малы өте сезімтал және жер асты жолдарын жақсы білуші еді.

Жер астындағы жанталаста кеншінің көңілін шымшықтың шиқылдағаны ғана бөлетін. Ол заманда кеншілер өзімен осы құсты жер астына алып түсуі керек болатын. Өйткені шымшық жарылыс қаупі жоғары метан газының шоғырланған жерін дәл анықтап беріп отырған. Қазір шымшықтың жұмысын мынадай құрылғылар атқарып тұр. Шынымен де, бүгінде шахтадағы жағдай мүлдем басқаша. Ағаш діңгектердің орнына темір тіреуіштер қойылды, адамдардың көбін техника ауыстырды. Сондықтан көптеген мамандық ардагер қариялардың ғана есінде қалған. Әсіресе, шам тасушылар. Олар қараңғы жерасты жолдарында ілінген шамдарды немесе олардың жанармайын ауыстырып отырған.

Ерназар Сұлтангелдиев, Еңбек ардагері:

- 12 -13 жастағы бозбалалар және әйелдер бірден оншақты шамды алып, таратып жүретін. Қазіргі шахта директорларының көбі сол заманда шам тасығандар.  

Білікті шахтер көмірдің сапасын көзбен-ақ анықтап береді. Қарағанды көмірінің өзінің 25 түрі бар. Қара алтын химиялық құрамы, пласт көлемі мен қазылып алынған орнына қарай жіктеледі. Қазіргі деректер бойынша Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 8-ші орында тұр. Оны өндіру осы қарқынынан жаңылмаса, қара алтынның қоры алдағы бірнеше ғасырға жетеді екен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін