Бинара енді қалай өмір сүру керек екенін білмейді. Жалдамалы пәтер үшін ол айына 35 мың теңге төлеуі тиіс. Ал жұмысынан қысқарып қалған. Жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыссыз ретінде тіркеуге келіспепті. Өйткені, ол тізім жарты жыл сайын ауысып отырады екен. Енді қызы екеуі мүгедектік үшін берілетін ақшаға жыртығын жасап, өмір сүруге мәжбүр.
-Міне үш-ақ жұмыртқа қалды. Бір банка қияр қалды. Ет жоқ. Қашан соңғы рет ет жегенімізді біз білмейміз қызымыз екеуміз. Қызға да тамақ керек. Колбаса мен сырды да ұмыттық.
Әміржановтардың осылай отырғанына бір жылға таяп қалыпты. Жұмыспен қамту орталығы мен еңбек биржасының табалдырығын тоздырғанмен одан еш нәтиже шықпаған. Жұмыс берушілер оның диагнозына қарап, жұмысқа қабылдаудан бірден бас тартады екен.
Бинара Әміржанова, Екінші топтағы мүгедек:
-Мен ешкімнен қайыр тілеп отырған жоқпын. Мен оны сұрамаймын да. Маған үй керек, жұмыс керек. Басқа ештеңе керек емес.
Тек түсіру тобының араласқанынан соң шенділер естерін жиып, Бинараны әкімдікке шақырған. Тіпті бірден мәселесін шешуге кірісіпті. Анықталғандай ол жалғызбасты ана, әрі Екінші топтағы мүгедекболғандықтан жұмысқа орналасу кезінде басымдылыққа ие екен.
Роза Мамырбаева, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:
-Бинарамен бүгін ғана кездесіп тұрмын. Маған ол кісі келген жоқ. Енді ойлаймын өзім осы сұрақтарды шешеміз деп. Жалға берілетін үйлер бізде жоқ, салынған жоқ. Соған қарамай іздейміз, қарастырамыз. Жұмыс жағын шешімін деп ойлаймын.
Қазірше көмек жайлы тек сөз қозғалып жатыр. Оның іс жүзінде қашан жүзеге асатындығы белгісіз.