Шымкент тұрғындары жылдамдық қуатын автобустарға мінуден бас тартты - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкент тұрғындары жылдамдық қуатын автобустарға мінуден бас тартты

Шымкент тұрғындары жылдамдық қуатын автобустарға мінуден бас тартты

Шымкентте әлеуметтік желідегі қоғамдық көліктердің жарысы бейнеленген таспа шенеуніктер мен жол сақшыларының жұмысын көбейтіп жіберді. Үш күн бұрын бұл қалада қос автобустың жарысып, қарсы бетке шығып кеткені бейнетіркеуішке түсіп, ол кадр ғаламторға жарияланған еді. Мыңдаған адам көріп, талқыға салған видеодан кейін бұл қоғамдық көлік жүргізушілері қатаң жазаға тартылды. Енді билік өкілдері тұрғындардан заң бұзған автобус жүргізушілерін әлі де әшкерелеуге көмек сұрап отыр.

  • 14 Наурыз 2015
  • 302
Фото - Caravan.kz

Шымкенттегі кезекті автобустар бәйгесі ғаламторды дүр сілкіндірді. Үш күн бұрын алдындағы қоғамдық көліктен озамын деп жұлқынған №58 автобус жүргізушісі қарсы бағытқа шыққан. Абырой болғанда апатқа ұшырамады. Тек, артында келе жатқан көліктің бейнетіркеуішіне түсіп қалып, күллі ғаламторға жария болды. Осыдан кейін алдына қара салғысы келмейтін 25 жастағы жүргізуші –Нұрбақыт Ізтілеуов жұмыстан қуылыпты.

Бұл оқиғадан бір күннен соң тағы қоғамдық көліктер жарысы әлеуметтік желіге шықты. Бір-біріне жол бергісі келмеген қос автобус қарсы бетке шығып кетіпті. Солардың кесірінен жол тығыны пайда болған еді. Бұл бассыздық шенділердің ашуына тигені сондай заң бұзушыларды жаппай жазалауға кірісіпті-мыс.

Сұңғат Түгелбаев,  Шымкент қалалық ІІБ бастығының орынбасары:

-Қала ішінде жүретін №27,35,58-ші автобус жолдың қарсы бетіне шыққан жол ережесін бұзғанына байланысты өз тарапымыздан ол азаматтарды анықтадық.   Олардың  куәліктерінен  1 жылға айырдық.

Жалпы Шымкенттік жүгенсіз жүргізушілердің мәселесі өткір тұр. Былтыр қоғамдық көлік дөңгелегі астында 5 адам қаза тапқан. Мұндай оқиғаларды көре көре үркек болған тұрғындар жолда жандарын шүберекке түйіп жүретіндерін айтады.

Ғалымжан Кенжебек, Шымкент қаласының тұрғыны:

— Шымкенттің қоғамдық көліктеріне мінуге қорқамын шынымды. Күніге апат болып жатыр. Бір-бірін қағып кету, жарысу деген сияқты. Сондықтан, мен айлығымның жартысы кетсе кетсін. Бірақ мен таксимен жүремін, қоғамдық көлікке мінгім келмейді.

Қазір әкімдік пен полиция қоғамдық көлік жүргізушілерін тезге салу үшін тұрғындардан көмек сұрап жатыр.  Әйтпесе, қалада орнатылған 225 камераның көмегі болмай тұр.

-Жалпы Шымкентте 400-ге жуық бейнекамера орнатылған. Тек, оның 230-ға жуығы ғана жұмыс істесе, қалғаны істен шыққан екен. Сондықтан, полицейлер мен әкімдік өкілдері енді қарапайым жүргізушілерден кәдімгі бейнетіркеуішке немесе ұялы телефонға түскен видеоны жіберуді сұрап жатыр. Егер, мұндай заңбұзушылық погондыларға жетсе кез-келген жүргізуші жазадан құтылмайтын болады деп сендіреді атқамінерлер.