Жарияланды: 50

Шымкенттегі оқу орнында есірткі притоны анықталды

Шымкенттегі оқу орнында есірткі притоны анықталды Сурет - Otyrar tv

Шымкент қаласының Полиция департаменті, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында қала университеттерінің бірінің спортзалында есірткі затын тұтыну үшін притон ұйымдастырылғанын анықтады.

Бұл туралы Otyrar tv хабарлайды.

Әсел Саденова, Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Аталған жәйтқа қатысты ҚР ҚК 302-бабы 1-бөлігімен яғни, «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде».

Қылмыстық іс тіркелген оқу орнының басшылығы бізге жағдайдың жай-жапсарын жасырмай, баяндап берді. Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры Сандыбай Боранбаевтың айтуынша, есірткі тұтуда пайдаланатын әлгі заттар сондағы волейбол ойынынан дәріс беретін педагог әрі спорт бөлімінің меңгерушісіне тиесілі заттардың арасынан табылған. Ол оқу ордасында 15 жылдан бері еңбек етіп келеді екен. Бірақ, отбасылы ер адамнан бұған дейін ешбір әбес қылық байқамағанын айтып ақталды.

«Бұл педагог бізде жақсы жұмыс жасады. Бірақ, қылмыс орын алар күннен 4 күн бұрын жұмыстан кетуі жөнінде өз еркімен арыз жазған. Басшылық тарапынан бұйрық та шыққан. Ал сол ұсталған күні ол университеттің спорт залынан қалған заттарын әкетуге келген екен. Міне, сол сәтте қолға түсіп, құрықталғаны рас. Алайда, ол қазіргі уақытта біздің қызметкер болып саналмағандықтан, біз мұны жауапкершілігімізге ала алмаймыз. Сенесіздер ме, мен бүгінге дейін ол адамның бойынан ешбір жаман қасиет байқаған емеспін. Спирттік ішімдік ішпейтін, темекі де тартпайтын. Мінезі де өте салмақты. Отбасылы адам. Сондықтан, бұл қылмысқа сол барды дегенге еш сенбеймін. Мүмкін емес», — дейді университет ректоры Сандыбай Боранбаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін