Бүгін таңертеңгі сағат 7.00-де «Союз-ФГ» зымыран тасығышы №31 алаңның монтаж-сынақ корпусынан теміржолмен ұшырылым кешеніне жеткізіліп, №1 алаңның ұшырылым «үстеліне» тік күйінде орнатылды.
Зымыранға қызмет көрсету фермалары жеткізілді. Ғарыш айлағының мамандары бірінші ұшырылым күнінің кестесі бойынша жұмысқа кірісті және жер үсті кешенін зымыранмен түйістіре бастады. Түйістіру жұмыстары аяқталған соң зымыран тасығыш пен ғарыштық аппараттың жүйелері тексеріле бастайды.
«Союз-ФГ»зымыран тасығышын ұшыру туралы шешім кеше, 11 желтоқсанда пилотты ұшырылымға дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды. Ұшырылымға дейінгі екі тәулікте ғарыш айлағының мамандары ұшырылым кешені мен зымыран тасығыштың түпкілікті тексерулерін жүргізеді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, RadarSat-2 (Radar Satellite) жер серігін MacDonald Detwiller&Associates компаниясы MDA компаниясы мен Канада ғарыштық агенттігінің ынтымақтастығы аясында жасап шығарды.
Ғарыштық аппарат PRIMA тұғырында өзінің қызмет ету мерзімін аяқтаған RadarSat-1 аппаратын алмастыру үшін жасалған, ол Арктикаға мониторинг жүргізуге арналған.
RadarSat-2 С-диапазонда жұмыс істейтін синтезделген апертуралы (15х1,5м-лік антенна) көпфункциялы радармен жабдықталған. Ол жер бетін 3-300 метр/пиксельдік айқындықпен күн райының қандай ахуалында да түсіре алады. RadarSat-2 жер серігі 7 жылға белсенді жұмыс істеуге арналған.
RadarSat-2 ғарыштық аппаратын «Союз-ФГ» зымыран тасығышының көмегімен Байқоңырдан 2007 жылдың 8 желтоқсанында Астана уақытымен 19 сағат 17 минутта ұшыру межеленген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті